KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 1 м/с, С
481.19 538.45 5.18

ШҚО әкімі: – Сақтықта қорлық жоқ

31.05.2024, 16:39 301 Нұржан Кенжеұлы

Келесі аптада Шығыс Қазақстанда еліміздің өзге өңірлеріндегідей «Жер-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтеді. Осыған байланысты облыстың құзырлы органдары ауқымды іс-шараға соңғы дайындықтарын пысықтауда.

Мұндай оқу-жаттығулар жойқын жер сілкінісі кезіндегі жергілікті атқарушы билік пен азаматтық қорғаныс сияқты өзге де органдардың әзірліктерін тексеру мақсатында ұйымдастырылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Дәстүрлі жаттығудың биылғысы 3-4 маусым күндері өтеді. Алайда жауапты мекемелердің мамандары бұл бағыттағы жұмысты күні бұрын бастап кеткен. Бүгінде Өскемен қаласының маңында үш шатырлы лагерь орнатылған. 1 700 адамға шақталған сондай лагерьдің бірі Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов ауылының іргесінде орып теуіпті. Осыған ұқсас шатырлы қалашықтар облыс аудандарында да бар. Мұнда жер сілкінісі кезінде зардап шеккен тұрғындарға барлық қажетті көмек, соның ішінде психологиялық көмек те көрсетіледі.

Лагерьдің тыныс-тіршілігімен танысуға келген облыс әкімі Ермек Көшербаев Шығыс Қазақстан сейсмикалық тұрғыдан қауіпті аймақ саналатынын, сондықтан сақтықта қорлық жоқ екенін атап өтті.

Төтенше жағдайға мейлінше жақын жаттығулар ықтимал сценарийлерді және оларға жедел әрекет етуді пысықтауға мүмкіндік береді.

– Апат кезінде барлық мекеме жұмысын үйлестіріп, басқару жұмыстары шешуші рөл атқарады. Төтенше жағдайда барлық іс-шараны мүмкіндігінше жедел ұйымдастыру қажет, сондықтан бүкіл жұмысты алдын ала пысықтап, ұсақ-түйекке дейін ойластырылған маңызды. Алгоритмді іс жүзінде тексеріп көруіміз керек. Қауіпті кезеңде кез келген маман не істейтіні, қалай істейтінін білуі керек, – деді Ермек Көшербаев.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан біраз бұрын облыста жұмылдыру дайындығы жөніндегі басқарма құрылған болатын. Өңір басшысының айтуынша, соңғы уақытта елдің түпкір-түпкірінде болып жатқан төтенше жағдайлар бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін көрсетеді. Сондай-ақ, құтқару қызметтерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселесі де пысықталуда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив