ШҚО-да "Жер-2023" командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды
ШҚО-да "Жер-2023" Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Жаттығуға жергілікті атқарушы органдар, азаматтық қорғау қызметтері мен ШҚО ТЖД күштері қатысады.
Оқу-жаттығудың бірінші күнінде, яғни бүгін құлақтандыру және байланыс жүйелерінің дайындығы тексеріліп, бүкіл облыс аумағында сейсмикалық жаттығулар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жер сілкінісі жағдайында іс –қимыл пысықталған объектілердің бірі – Өскемен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы болды. Онда 100-ден астам мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсетіледі.
Жоспар бойынша "Баршаның назарына!" дыбыстық сигналы естілгенде объекті қызметкерлері азаматтық қорғау органдарын хабардар ете отырып, адамдарды ғимараттан эвакуациялауды бастайды. Ол үшін 15-20 секунд уақыт қарастырылған. Жаяу жүре алмайтын және шығып үлгермеген науқастар қызметкерлердің көмегімен ғимараттағы қауіпсіз орындарға орналастырылады. Ғимараттан шыққан адамдар электр желілері мен ғимараттан қашықтықта орналасқан арнайы алаңға жиналғаннан кейін, орталық қызметкерлері пациенттердің бар-жоғын тізім бойынша тексеріп шығады. Ал дәрігерлер адамдарды қарап, жылы және қажетті заттармен қамтамасыз етуі керек.
Сондай-ақ жер сілкінісі салдарынан шыққан өртті сөндіру де пысықталды.