«Эко тренд» еріктілер форумы жастарды экологиялық мәдениетке тәрбиелеуде
Өскеменде «Эко тренд» еріктілер форумы өтті. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы еліміздің барлық аймағында кеңінен таралып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Осы бастаманы Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы да қолдап, экологиялық мәдениетті дамытуға үлес қосты, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Форум аясында кітапхана қызметкерлері жастардың экологиялық білімін арттыруға бағытталған іс-шаралар легін ұйымдастырды. Мәселен, жастарға табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастырып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға ынталандыратын түрлі баяндамалар оқылды.
Сонымен қатар С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Данил Гончар «Жасыл ел» жобасының аясында өз баяндамасын оқып, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін қозғады. Психолог және коуч Әсем Рахым жастарға өзін-өзі күту, дұрыс тамақтану секілді маңызды тақырыптарды қозғап, оларды жеке денсаулық пен табиғатты қорғау мәселелерімен байланыстырды.
Шара барысында экологиялық бейнероликтер көрсетіліп, студенттер арасында квиз ұйымдастырылды. Сонымен бірге форумда арнайы дайындалған эко көрме де студенттер мен қонақтардың қызығушылығын оятты. Форум жастардың экологиялық мәдениетін арттырып, оларға табиғатты қорғау мен сақтау бойынша жаңа идеялар ұсынуға бағытталды.
Ақерке Рағызбаева