Мемлекет басшысы: «Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші»
Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтті. Жиында Мемлекет басшысы ауылды өркендету, ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіру міндеттерін айқындап, еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Altainews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша екендігін, еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері осы жерге арнайы шақырылғанын ерекше атап өтті. Диалог-платформаға Қазақстандағы ауыл әкімдерінің басым көпшілігі, яғни, 80 пайызы жиналған. Осындай ауқымды құрамда әкімдер алғаш рет бас қосып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімінің міндетінде әр тұрғынның тұрмысы, болмысы мен болашағы үшін жауапкершілік болу қажеттігін, сондай-ақ басқосуда халықпен тікелей жұмыс істейтін ауыл әкімдері тарапынан айтылған әр ой-пікір мен ұсынысты мұқият зерделеп, жұмыс барысында міндетті түрде ескеру қажеттігін алға тартты.
Бүгінде бүкіл еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі сайланды. Олардың орташа жасы – 43 жас. Президент өз сөзінде жаңадан сайланған әкімдердің үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар екендігін жеткізді.
Ауылдағы әкім сайлауы саяси партиялардың аймақтардағы жұмысына тың серпін берді. Таңдалған әкімдер ішінде алты партияның мүшелері бар. Сайланған дардың шамалы төртте небір бөлігі өзін-өзі ұсынғандар санатынан.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралауды тапсырды.
Осыған дейін аудан әкімдерін сайлау тәсілі арқылы 52 әкім сайланды. Енді олардың қалай жұмыс істейтінін қарап көру қажет. Аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек. Мәселе – аудан әкімдерінің сайлауын міндетті түрде өткізу емес, басты мақсат: біз оң нәтижелерге қол жеткізуіміз керек.
Үкімет және Парламент депутаттары бірлесіп, осы мәселені жан-жақты қарап, әділетті, дұрыс шешім қабылдауы қажет. Ең бастысы, әрбір реформа салмақты көзқараспен, байыппен жасалуы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент кадрлар құрамын жаңарту үдерісі биліктің бүкіл тармағында және барлық деңгейде жүргізіліп жатқандығына жіті тоқталды.
Кадрлар құрамын жаңарту үдерісі биліктің бүкіл тармағында және барлық деңгейде жүргізіліп жатыр. Бұл – уақыт талабы. Бірақ осындай жауапты жұмыста саяси науқаншылдыққа жол бермеу керек.
Ең алдымен, тиімді ұсыныс айтып, пайдалы бастамалар көтеретін, батыл шешім қабылдай алатын азаматтарды, яғни кәсіби тұрғыдан білікті мамандарды мемлекеттік қызметке көптеп тарту қажет. Біз осы маңызды жұмысты жалғастыра береміз», - деп толықтырды Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жарлығының ауылды дамытуға арналғандығын да атап өтті.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін жүргізіліп жатқан жұмыстың барысында тоқталды. Мемлекет 2022 жылы халықтың табысын арттыруға арналған кешенді жоспар қабылдады. Биыл Үкімет алдағы бес жылға арналған Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын бекітті. Ауылға қомақты инвестиция тарту міндеті де табысты іске асуда. 2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан салынды. Сондай-ақ, 388 жаңа мектеп ашылды. Былтыр 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интернет берілді.
Биыл ауылдағы шаруаларға 1 триллион теңге көлемінде қолдау көрсеттік. Дәл осындай мемлекеттік қолдау көрсеткен елдер көп емес, тіпті, бұл көптеген ел қол жеткізе алмайтын қаржылай көмек деуге болады.
Алайда алдымызда биік мақсаттар тұр: біз ауылдағы жағдайды жақсартып, жұмысты күшейтуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент ауыл әкімдері міндетті түрде білікті маман болуға тиіс екендігін баса айтты. Қазіргі ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы осы қызметке алғаш рет сайланған. Осылайша, жергілікті билік құрамы біршама жаңарды. Алайда сайлауда жеңіске жету – алдағы үлкен жұмыстың басы ғана. Бұны да Мемлекет басшысы ашып жеткізді.
Әкім мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан өзгерістерді жергілікті жерде жүзеге асыруға қабілетті болуы қажет. Кәсіби тұрғыдан білікті әрі еңбекқор әкім сайлаушылардың сенімін ақтай алады. Сондықтан ауыл әкімдерінің басқару ісіндегі шеберлігін арттыру өте маңызды.
Әкімдердің арасында бұрын билік жүйесінде жұмыс істемеген азаматтар бар екенін айттық. Олардың тәжірибесі аз екені түсінікті. Осы бағытта «Amanat» партиясының бастамасымен «Әкімдер мектебі» жобасы қолға алынды. Әрине, мұндай курстар жоғары білімнің орнын баса алмайды. Сондықтан университеттерде оқытылатын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» бағдарламасын талапқа сай өзгерту керек», - деп атап өтті ҚР Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген өзекті мәселелердің бірі – бүгінде ауыл-аймақтарды басқару, көшбасшылық қабілетті дамыту мәселесі назардан тыс қалғандығы. Ал бұл жұмыспен ең алдымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі шұғылдануы керек. Сондықтан бүгін бұл ведомство айтылған сыннан кейін құзырлы министрлікпен бірлесіп, ауыл әкімдерін даярлауға белсенді түрде кірісу қажеттігі туралы тапсырма алды. Бұдан бөлек Президент ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін халыққа пайдасы тиетіндей етіп нақтылауды тапсырды.
Қазіргі уақытта Мәжіліс «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңға енгізілетін түзетулерді қарастырып жатыр. Аталған нормалар әкімдерге көше саудасына мониторинг жүргізуге, қоғамдық аумақтарды абаттандыруға, арнаулы техникалар сатып алуға қатысты өкілеттіктер беруді көздейді.
Дегенмен заңнаманың екіұшты тұстары да бар. Мәселен, әкімдерге жергілікті деңгейдегі басқару органдарының жұмысына оң ықпал етуге нақты мүмкіндік берілмейді.
Бүгін әкім Ирина Шишкина ауыл әкімдерінің мемлекеттік дерек қорына қолы жетпей отырғанын айтты. Бұл мәселені шешу қажет. Міне, осындай кемшіліктердің салдарынан әкімдер тұрғындардың талап-тілегін орындай алмайды. Ашығын айтқанда, кейбір жағдайда дәрменсіз күйге түседі. Оған жол беруге болмайды.
Жергілікті мемлекеттік басқарудың түрлі деңгейлері арасындағы жауапкершілік шегі анықталмаған. Бұл өңірлердегі жағдайға кері әсер етеді. Ауыл әкімдерінің өкілеттіктері айқын болуы керек деп санаймын. Заңнамалық түзетулерді талқылаған кезде депутаттарға осы жайттарды ескеруді ұсынамын. Сондай-ақ, осы жиында ауылдық округ әкімдері көтерген ұсыныстарды да ескерген жөн.
Бүгін сөз алғандар ауыл әкімдеріне функционалдық міндетіне кірмейтін қызметтерді қоса атқару жүктелгені жөнінде айтты. Шын мәнінде, ауыл әкімдері құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын міндеттерді неге атқаруға тиіс?!
Үкімет Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, аудан және ауыл әкімдерінің құзыретіне жатпайтын, қайталанатын және жетіспейтін өкілеттіктерін анықтау мақсатында жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізуге тиіс.
Бір ай ішінде оларды түзету, жою немесе жергілікті мемлекеттік басқару сатылары арасында қайта бөлу туралы ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деп бұл мәселеге де нүктесін қойды.
Мемлекет басшысы ауыл әкімдіктері қызметкерлеріне жағдай жасаудың маңызына да назар аударды.
Аталған ұсыныс бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін, тіпті, Президент Әкімшілігіне тиісті өтініштер түскенін жақсы білемін. Мемлекеттік қызметшілердің санаттарын нақты белгілеу керек. Үкімет Парламентпен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен осы мәселелерді жан-жақты қарастырып, бір ай ішінде өздерінің ұсыныс-пікірлерін беруге тиіс. Содан соң шешім қабылданады.
Ауыл әкімдіктерінің қызметкерлерін қолдауға ерекше көңіл бөлген жөн. Әкімдіктерде, әсіресе, ауыл әкімдіктерінде бұрын жұмыс істеген немесе қазір де еңбек етіп жүрген азаматтар мұны мемлекеттік қызметшінің нағыз өмір мектебі деп бекер айтпайды. Бұл баршаға түсінікті. Өйткені әкімдік қызметкерлері билік пен бұқара арасында сенімді әрі сындарлы диалог жүргізуді меңгеріп, нағыз басқару машығын жетілдіреді.
Сол себепті ауыл әкімдіктері қызметкерлерінің жұмыс істеуіне, олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасау маңызды деп санаймын», - деді.
Қолдаумен қатар, сұраныстың да салмағы артады. Президент айтқандай, әкімдердің өкілеттігімен қатар жауапкершілігі де күшейеді.
Сонда әкім болуға үміткерлер де елге экономикалық негізі жоқ құрғақ уәде бере алмайды. Мұндай жалаң сөздер, яғни популистік әрекеттер халықтың ауыл әкімдеріне, тіпті тұтас сайлау институтына деген сенімін азайтуы мүмкін.
Үкімет әкімдердің сайлау алдындағы бағдарламасының экономикалық бөлігіне қойылатын талаптарды айқындауы керек. Сапалы дайындалған бағдарламаны аймақтың даму жоспарымен үйлестіруге болады. Жалпы, осындай шаралар әкімдердің есептілігін күшейтеді. Сондай-ақ өз үміткерлерін ұсынған партиялардың жауапкершілігін арттырады», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ретінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына айрықша мән беремін» деген Президент өтініш жолдаған әрбір адамның сауалына нақты жауап берілуге тиіс екендігін баса айтты.
Әдетте, мұндай хаттардың көбі аймақтағы инфрақұрылым, соның ішінде, жол, аула және балалар алаңы туралы болады. Бұл – жергілікті жерде шешімін табуға тиіс негізгі мәселелер.
Бірақ әкімдіктер көп жағдайда мұндай өтініштерге атүсті қарайды. Амалы таусылған жұрт орталыққа, тіпті, Президент Әкімшілігіне шағымдануға мәжбүр. Азаматтардың өз әкіміне деген сенім деңгейін осындай хаттардың санынан байқауға болады», - деді Президент.
Жыл өткен сайын халықтың талап-тілегі артып келеді. Бұл – бүкіл әлемге ортақ үрдіс. Әкімдер халыққа құрметпен, шыдамдылықпен, түсіністікпен қарап, азаматтармен ашық әңгіме жүргізуге тиіс. Бұл – Президент талабы. Олар барлық мәселені мүмкіндігінше өз деңгейінде шұғыл және сапалы шешуі қажет. Бірақ бұл міндетті атқару үшін жергілікті әкімдердің қолында тиісті құзыреті болуы керек. Атқарылып жатқан жұмыстың мән-жайын үнемі жұртқа түсіндіріп отырған жөн.
Негізі, бұл – барлық деңгейдегі әкімдерге ортақ ұстаным. Тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, алға бастай білетін әкімді нағыз әкім деуге болады.
Мен жақында «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл – әрбір мемлекеттік қызметшінің, әсіресе әкімдердің жұмысына бағдар беретін өте маңызды құжат», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы төртінші деңгейлі бюджеттің дербестігін арттыруды тапсырды.
Ауылдық округтердің өзін өзі қамту деңгейін арттыру мақсатында бюджеттің төртінші буынына салық пен төлемдердің 25 түрі берілді. Жаңа Бюджет кодексі аясында бұл тізбекке кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру салығы да қосылды.
Төртінші деңгейлі бюджет енгізілгеннен бері (2018 жыл) ауылдық округтердегі түсім төрт есе ұлғайтып, 130 миллиард теңгеден асты. Оң өзгеріс байқалады. Алайда ауылдық округтер аудан мен облыстың қаржылай қолдауынсыз әлеуметтік-экономикалық мәселелерді әлі де шеше алмайды. Оған қоса кейбір өңірлерде жергілікті бюджетте халықтың саны мен ауылдық округтердің экономикалық құрылымына байланысты алшақтық бар.
Біз тұрақты салық түсімінің басым бөлігін жергілікті жерлерге, ең бастысы, аудандық деңгейге бердік. Бұл – өте дұрыс.
Десек те жергілікті өзін өзі басқару бюджетіне қолдауды күшейту қажеттілігі туындап отыр. Өйткені, қазір оған тиісті қаражат бөлінбеген. Ақиқатында, кей кәсіпорындар ауылдық округтерде пайда табады, жергілікті тұрғындардың еңбегін қолданады, бірақ салықты өздері тіркелген аудан немесе қала бюджетіне төлейді.
Сондықтан Үкімет бұл қағидатқа теңгерімді тәсіл қолдану мүмкіндігін қарастырғаны дұрыс болар еді. Қанша дегенмен жергілікті жерлерге де қандай да бір кіріс түсуі қажет қой. Яғни, «салықты жұмыс істейтін және табыс табатын жерде төле» қағидатын іске асырған жөн. Үкіметке берілген тапсырма түсінікті: кем дегенде кірістің бір бөлігі жергілікті жерде қалуға тиіс», - деді.
Жиында, сондай-ақ салық-бюджет үдерістерін жетілдіруге қатысты бірнеше ұсыныс айтылды.
Бірқатар өңір тұрғындары үшін экологиялық айыппұлдарды толық төлеу аса өзекті мәселе. Өндіріс орындары экологияға шектен тыс зиян келтіретін елді мекендер тұрғындары мұндай төлемдердің бір бөлігі жергілікті бюджетке түскенін қалайды. Олар бұған толық құқылы», - деді Президент.
Байқалған теңсіздікті реттеп, мемлекеттік саясаттың ашықтығын, тиімділігі мен әділдігін қамтамасыз ету үшін салық-бюджет үдерістері жүйелі түрде жетілдіріле беретінін жеткізді. Бұл – Үкімет жұмысының маңызды бағыты. Сондықтан Үкімет өңірдегі бюджет деңгейлері арасында қазынадан қаржы алуға лимит қою мәселесін қарастырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық Қазақстанды ауылдар мен ауылдық округтерсіз құру мүмкін еместігіне де тоқталды.
Елді мекендерді цифрландыру ауыл мен қала тұрғындарының тұрмыс сапасын айтарлықтай теңестіреді. Сондықтан Үкімет бұл бағыттағы жұмысты басты басымдықтардың бірі ретінде қарастыруы қажет. Жергілікті жерлерден алынған нақты әрі жедел ақпарат орталықта тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экономикалық дерекқор негізін қалап, ресурстарды әділ бөлуге ықпал етеді», - деді.
Алдағы үш жылда Қазақстанды толықтай цифрлық елге айналдыру – жаңа даму кезеңіндегі басты міндеттердің бірі. Болашақта мемлекеттің әлемде алатын орны осыған тікелей байланысты. Сондықтан мұны Президент тіршілік үшін талас десек, артық айтқандық емес деп талдап өтті.
Мұны іске асыру үшін бір жылға жетер-жетпес мерзім беріліп отыр. Сол себепті бізге де шара қолдану керек. Әлбетте, Қазақстан жаһандық ауқымдағы көшбасшылыққа таласпайды. Бірақ өркениет көшінен қалмай, технологиялық жаңғыруды жылдамдату қажет. Ойланып-толғанып жүруге уақыт аз»,- деді Президент.
Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін «Ауыл аманаты бағдарламасына 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінетінін жеткізді. Бұл ретте ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беру керек. Алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға басымдық беріледі. Осы уақытқа дейін мемлекеттегі бұл бағытта атқарылған жұмыс ауқымы мен нәтижесі оның қажеттілігі мен пайдасына бұқараның көзін жеткізді. Алайда бірлескен шаруашылықтар әзірге ауыл экономикасының тірегі бола алмай тұр.
Бірлестік (кооператив) құру бүкіл ел бойынша жүргізілуі керек. Сонда ғана ауылдағы ағайын бұл жұмыстың игілігін көреді. Жеке шаруалар біріге алмаса, мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы бар еңбегі зая кетеді. Сондықтан бұл жұмысты белсенді түрде қолға алуымыз қажет», - деп басып айтты Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беруде. Жоба аясында екі жылдың ішінде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Ал 2029 жылға дейін осы бағдарламаға 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Мемлекет басшысы ауылды дамыту үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының әлеуетін кеңінен пайдалануды тапсырды.
Алдағы уақытта бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізу үшін Аймақтық стандарттар жүйесіне өзгерту енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, Үкіметке ауыл экономикасын жандандыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеу міндеті жүктелді.
Фото: Ақорда









