Президенттің қатысуымен әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқылануда

Фото: ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі
Ел астанасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өтіп жатыр.
Кеңейтілген отырыста еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаузалып жатыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі El.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
– Жуырда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Үкімет қайта жасақталды. Осылайша, ауқымды саяси өзгерістің алғашқы кезеңі аяқталды деуге болады. Біз билік тармақтарының тепе-теңдігін орнықтырдық. Енді еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құруымыз керек. Жұртшылық бұл реформаларға зор үміт артып отыр. Сондықтан біз нақты іс-шараларға баса мән беруіміз тиіс. Парламент сессиясының ашылуында заңнамалық тұрғыдан шешілуге тиіс бірқатар мәселені атап өттім, – деді Президент.
Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық саладағы мақсат-міндеттерді айқындап алуымыз керектігін айтты. Тиісінше Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдер соған сүйеніп жұмыс істейтін болмақ.
– Бұл да нақты саяси өзгерістердің нышаны. Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қажет болса, олар бірін-бірі толықтырып, қолдап отыруы керек. Мұның бәрі мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ел мүддесін ескере отырып шешім қабылдауға жол ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз