KZ
Өскемен
+4°
небольшой проливной дождь жел 4 м/с, В
488.26 530.54 5.03

Меценат Тарбағатай ауданын көркейтуді қолға алды

8.07.2021, 11:15 222

Тарбағатай ауданындағы бірқатар ауылдар көркейіп, халық үшін жауыр болған проблемалар шешімін тауып жатыр. Мұның барлығы ауданға қолдау көрсетіп отырған атымтай жомарттың арқасында.

Тарбағатай ауданы, Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты Жаңа талап ауылына ауызсу тартылып, құбыр 73 үйдің есігінің алдына дейін тегін жеткізілді. Енді қазылған жолдар қайта қалпына келтіріліп жатыр. Ол жұмыстар аяқталысымен ауылдың бір көшесіне жарық тартылмақ.

Сонымен қатар, Жаңа ауыл ауылдық округінің әкімі Ерболат Шаукенов жуықта Жаңаауыл ауылының кіре берісіне арка орнатылғанын айтты. Мұның барлығы меценат Қайрат Қабдешовтің демеушілігімен атқарылуда.

Бұдан бөлек, 800 тұрғыны бар Жаңалық ауылына меценат жаңа көпір салып бастады. Ескі көпірдің жыры бірнеше жыл бойы халықтың мазасын қашырды.

- Жаңалық ауылының ортасынан Қарасу өзені ағып жатыр. Өзеннің арғы жағасында 14 шақты үй бар. Ауылдың тұрғындары күзде, көктемде, жаздың жауынды күндерінде көпірден өте алмайды. Көктемде тасқын кедергі болса, жауынды күндері балшық. Көпірге бір көлік әзер сияды. Енді бұл мәселе шешімін тапты. Себебі біздің меценат, депутат Қайрат Қабдешов өз қаражатына тасқынға төтеп бере алатын, көліктің қатынасына кең, тасты жол сала бастады, - деп атап өтті Тарбағатай ауданы Ақжар ауылдық округінің әкімі Дәуітбек Ниязбеков. - Осыған дейін мен Жаңа ауыл ауылдық округінде 9 жыл әкім болдым. Сол тұста Қайрат Қабдешұлы Жаңа ауылдың көшелерін жөндеп, 100 жарықтандыру бағанасын орнатып, жарығын тартып берген еді. Сондай-ақ, ауылдағы саябақтың абаттандырылуына көмектесіп, саябаққа су тартып берген. 

Аудан әкімі Асхат Смаилов депутаттың жасап жатқан қолдауына алғысын білдірді.

- Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жасап жатқан игі істері үшін Қайрат Қабдешұлына алғысымды білдіремін. Туған жерінің әр топырағын кие тұтып, оны дамытуға атсалысатын азаматтарымыз көп болсын, - деп жеткізді Тарбағатай ауданының әкімі Асхат Сайдахметұлы.

"Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" демекші, қазақтың абыройлы азаматтарының ішінде көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, проблемаларын шешіп беруге көмектесіп, демеушілік көрсетіп жүрген жандар өте көп. Қайрат Қабдешов бір емес, бірнеше ауылдың проблемасын шешіп, мыңдаған халықтың жағдайын жақсартып жүрген жан.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив