KZ
Өскемен
+7°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
479.38 531.63 5.27

ШҚО-да Тұрғысын су электр станциясы сынақтан өтіп жатыр

4.07.2021, 16:27 223

Егер сынақтан сәтті өтсе, аймақта тағы бірнеше су электр станциясының құрылысы басталады

Тұрғысын су электр станциясын сынақтан өткізу басталды. Ол 72 сағатқа созылады және егер сәтті аяқталса, шағын су электр станциясы өз жұмысын штаттық режимде бастайды. Жоба Тұрғысын каскады мен Бұқтырма өзеніндегі тағы бірнеше cу құрылыс ғимаратына «жасыл жарық» береді.

Тұрғысын өзенінде қуаты 29,4 МВт шағын су электр станциясын салу – Шығыс Қазақстан үшін маңызды жоба. Мұндай шағын жобаларды іске асыру сырттан сатып алынатын электр энергиясының көлемін толтыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте тұтынушылар үшін тарифтің қымбат тұратын құрамдас бөлігінің бірі – тасымалдау шығыны жойылатын болады.

Сонымен қатар электрмен жабдықтау сенімділігі мен үнемділік жақсарады, атмосфераға жайылатын зиянды шығарындылар азаяды. Шағын су электр станцияларының басты артықшылығы – экологиялық тұрғыдан қауіпсіз. Бұл нысандарды салу және пайдалану судың химиялық және физикалық қасиеттерін өзгертпейді.

Шығыс Қазақстан облысындағы көптеген өзендердің әлеуеті шағын су электр станциясын дамытуға мол мүмкіндік береді. Мұндай электр энергиясының көздері биік таулы аймақтар үшін өте ыңғайлы.

Шағын су электр станциясы жобаларына шетелдік және отандық инвесторлар тарапынан қызығушылық бар. Тариф неғұрлым жоғары болса, соғұрлым бұл бағытқа қызығушылық артады. Тұрғысын-1 су электр станциясы іске қосылғаннан кейін тағы біреуінің құрылысы басталады.

«Бұл құрылыс салатын жер бекер таңдалған жоқ. Тұрғысын өзенінің суы мол және су қорын жинап алу мүмкіндігі басым. Су электр станциясы үшін ең маңызды мәселе оның беріктігі. Тұрғысын станциясының 50 градустық аязға төзімділігі мен мол суды ұстау мүмкіндігі тексерілді. Шағын су электр станциясы 50 және одан да көп жыл қызмет ете алады», - деді су электр станциясы құрылысының басшысы Қалаубек Баймұханбетов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив