KZ
Өскемен
-1°
туман жел 1 м/с, ОШ
494.87 520.65 4.91

ШҚО-да түлектер бітіру кештерін өткізе ала ма? – департамент түсіндірді

14.06.2021, 16:28 278

Биыл ШҚО-да мектеп, университет, колледж түлектерінің бітіру кештері болмайды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі. Жиында түлектерге тек аттестат табыстау рәсімі ғана өтеді. Оның өзіне бірнеше талап қойылған.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты мектепте, кафелерде, мейрамханаларда мерекелік үстелдер ұйымдастыру, әртістер мен тамадаларды шақыру, автомобильдерді жалға алу іс-шараларына тыйым салынады.

- COVID-19 коронавирустық инфекциясы бойынша шектеу шаралары кезеңінде білім ұйымдарының түлектеріне (мектептер, колледждер, жоғары оқу орындарын, мектепке дейінгі ұйымдарды) бітіру кештерін өткізуге тыйым салынғанын еске саламыз, өйткені бітіру кештері көпшіліктің қатысуымен өтетін бұқаралық шара болып табылады, - деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі. 

Дегенмен бітіруші түлектерге аттестаттарды ашық ауада тапсыру үшін қатысушылардың санын шектей отырып, басқа іс-шараларды өткізбей, аттестат табыстау шараларын өткізуге рұқсат берілді.

Шараны өткізуге қойылған бірнеше талаптар бар:

Бірінші, әр бітіруші топ жеке іс-шара ұйымдастырады, бір білім беру объектісі аумағында тек бір бітіру тобы болуы тиіс.

Екінші, салтанатты іс-шараларды кезең-кезеңмен өткізу қажет. Өткізу уақыты 45 минуттан аспауы тиіс. Топтар арасындағы аралық  уақыт кемінде 30 минут болуы керек.

Үшінші, салтанатты іс-шараға түлектердің өзінен басқа ата-анасынан немесе қамқоршысынан бір ғана адам (әр түлекпен), сондай-ақ білім беру объектілері оқытушылары құрамынан 6 адамға дейін қатыса алады.

Төртінші, карантиндегі адамдар (КВИ-мен науқас, КВИ-мен ауыратын науқастармен жақын қарым-қатынаста болған адам) аталмыш іс-шараға қатыспауы тиіс.

Бесінші, білім беру ұйымының аумағында адамдар мен қонақтардың (ата-аналар, жақын туыстар, қамқоршылар және т.б.) топтасып жиналуына жол берілмейді.

Алтыншы, салтанатты іс-шара аяқталғаннан кейін көшеде, мейрамханаларда жаппай серуен өткізуге тыйым салынады.

Жетінші, іс-шара аяқталғаннан кейін дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, білім беру объектілерінде ылғалды жинау, тазарту жұмыстары жүргізілуі қажет.

Түлектердің, қызметкерлердің денсаулығына, коронавирустық инфекцияның пайда болу және таралу қаупіне білім беру объектісінің басшысы жауап береді. Халықтың денсаулығын сақтау мақсатында азаматтық жауапкершілік танытып, қолданыстағы шектеу шараларын ұстану қажет.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу