ШҚО-дағы дәрігерлер қазасы: Денсаулық министрі желіде жазба жариялады
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Шығыс Қазақстанда жол апатынан қаза тапқан дәрігерлердің отбасына көңіл айтты.
Алексей Цой денсаулық сақтау министрлігі ұжымының атынан және жеке өз атынан ШҚО-да жол апатынан қаза тапқан жедел жәрдем қызметінің дәрігері мен фельдшерінің отбасына қайғырып көңіл айтты.
Бұл туралы ол Instagram-да жазды.
Бұл трагедия дәрігер болудың қаншалықты қауіпті екенін көрсетті. Ауа райының қолайсыздығына, жұмыстың ауырлығына, шаршағанына қарамастан, дәрігерлер өз кәсібін қашан да адал атқарады. Өкінішке қарай, науқас өмірін құтқаруға шыққан шұғыл қызмет бригадасының дәрігері мен фельдшері – Болат Қапсаметұлы Әзілханов пен Бейбіт Төлеуғазыұлы Ғабдуллин көз жұмды, - деді Цой желідегі парақшасында
Қайғылы оқиға медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі жайлы тағы бір ойлануға түрткі болып отыр. Қазір Семейдегі ауруханада жансақтау бөлімінде жатқан жедел медициналық жәрдем көлігі жүргізушісінің тезірек сауығып кетуін тілейміз, деп толықтырды министр.