KZ
Өскемен
+9°
ясно жел 2 м/с, В
515.03 584.82 6.24

Өскемен тұрғындары қоғамдық көліксіз қалуы мүмкін. Себебі...

8.01.2021, 15:57 277

Себебі оны басқаратын жүргізушілер жоқ. Бұл тенденция тек Өскеменде ғана емес, еліміздің бірқатар қалаларында да орын алуда. Қаладағы 10 тасымалдаушының ақпараттарына сенсек, қала бағыттарындағы автобустарға 250-ге жуық жүргізуші жетпейді.

Мәселен «Рост» ЖШС автопарктегі жүргізушілердің жетіспеушілігі мәселесі жақын арада қала тұрғындарын қоғамдық көліксіз қалдыруы мүмкін екенін айтады.

- Алдағы бірнеше жылда біздің автобус паркіміз жүргізушісіз қалады. Қазірдің өзінде 45 жастан төмен еңбек етіп жатқандардан ешкім жоқ. Жыл сайын 8-10 адам зейнетке шығады, бірақ келіп жатқандар жоқтың қасы, - деді автопарк қызметкерлері.

Көлік қызметкерлерінің айтуынша, 2015 жылдан бері автопаркке жас мамандар келмеген. Демек, үш жыл ішінде облыс орталығына әелгей жатқан жаңа автобустарды басқаратын адам болмай қалуы әбден мүмкін. Ал Өскемен ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің айтуынша, әр автобусқа 2 жүргізушіден келуі тиіс.

Дегенмен автобус жүргізушілерінің де айтар базынасы жоқ емес. Бір жағы автобус жүргізушілерін жол-пол қызметкерлері қыспаққа алса, екінші жағы жүргізушілердің тікелей басшылары, яғни, тасымалдаушы кәсіпорын оларды адам санатына қоспайды екен. Еңбек ету сағаты артық болғанымен, тапқан нәпақа мардымсыз. Оның үстіне жұмыс берушілер күнделікті түсетін жолақыдан жиналатын жоспардың құнын арттырған. Жұмыс ауыр, жалақы төмен.

- Билет бермей, арнайы киім киюді ұмытып кетсек, не болмаса автобус жуылмай қалса, бізден 10 000 теңге ұстап қалады. Болмайтын нәрсе үшін жұмыстан қуады. Біз күніне 17 сағат жұмыс істейміз, мұның өзі оларға жеткіліксіз, - дейді сан мәрте жүргізушілер мен кондукторлардың жұмыстан кеткеніне куә болған Салтанат есімді кондуктор

Айналып келгенде бұл мәселенің бір ұшы тек жүргізушілерге ғана емес, кондукторларға да тиетін көрінеді.

Ал қаладағы №55, 53, 54 бағыттарына қызмет ететін "СТ Автосервис" ЖШС директоры Мұрат Жақыпханұлы жұмысшылардың жұмыстан өз еріктерімен кетіп жатқанын айтады.

- Олардың жұмыс уақыты таңғы 5-тен түнге дейін. Жалақылары да аз. Жүргізушілер 90-100 мың шамасында, кондукторлар 60-70 мың теңге алады, сол себепті кетіп жатыр. Сондықтан көбінесе зейнетке шыққан адамдар келіседі. Келе салған жүргізушіні де алған орынсыз. "Д" категориясы бар жүргізуші куәлігін алу керек, яғни, автобусты жүргізу оңай емес. Автобусты тәжірибелі мамандар тізгіндеуі керек. Мысалы, біздің өзімізге 15-20 жүргізуші керек. Бүгінде қалалық маршруттарға субсидия бөлінбейді. Онымен қоса, қазір тендер деген жоқ. Жолдардың сапасы да әбден қажытты. Осыдан келіп мәселе туындайды. Техниканың ескіруі, тасымалдаушылар арасындағы бәсекелестіктің жоқтығын атауға болады. Қаладағы автобустардың 20-25%-ы жүргізушілердің жоқтығынан қаңтарылып тұр. Егер субсидиялау мәселесі шешілсе, жүргізушілер мәселесін да шешуге болады. Бізде тариф реттеледі, ал субсидия жоқ. Бұл мәселені сан мәрте көтердім, алайда атқарушы органдар ештеңе шешпеді, -

деген Мұрат Жақыпханұлы биліктен кәсіпкерлерге ешқандай қолдаудың болмауы салдарынан ісін жабуды ойлап отырғанын қынжыла айтты.

Айта кетейік, 2015 жылы жүргізушілер туралы заң өзгерген. Автобус жүргізушілері "Д" және "Д1" санатты болып бөлінді. "Д1" санатты жүргізушілер тек қана шағын автобустарды жүргізуге құқылы. Бұл да жүргізушілер тапшылығы мәселесін шешуге үлкен кесірін тигізуде.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу