Қазақстандық музыкант Иманбек Латын Америкасының басты музыкалық марапатына үміткер атанды
Фото: Instagram/imanbekmusic
Қазақстандық музыкант, елімізде алғаш болып «Грэмми» сыйлығын иеленген Иманбек Зейкенов тағы бір беделді марапатқа үміткер атанды. Ол аргентиналық әнші Taichu орындаған Ella Quiere Techno композициясымен «Латын Грэмми» жүлдесіне ұсынылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі nur.kz порталына сілтеме жасап.
Аталған туынды «Best Latin Electronic Music Performance» («Латын электронды музыкасының үздік орындауы») номинациясында бақ сынайды. Бұл санатта Иманбектің жұмысына қоса тағы төрт композиция ұсынылған: Orión – Sistek Remix, Qqqq, Rulay En Dubai (Extended) және Veneka.
Айта кетсек, «Латын Грэмми-2025» сыйлығының жеңімпаздарын анықтайтын финалдық дауыс беру 1 қазанда басталады. Ал марапаттау рәсімі 2025 жылдың 13 қарашасында Лас-Вегаста өтеді.