Бекітілген латын әліпбиі халықаралық стандартқа сәйкес келмейтін болып шықты
Бекітілген латын әліпбиінің пернетақтада орналасуы «Unicode» стандартына сәйкес келмейтін болып шықты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасай отырып. Бұл туралы ОКҚ брифингінде мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов мәлімдеді.
- Латын әліпбиін дайындауда біраз жұмыс атқарылды. Алайда, әріптердің пернетақтада орналасуы тасада қалып қойыпты. Осыған байланысты біз «Lenovo» компаниясымен сынақ жасадық. Сөйтсек, жаңа алфавиттің орналасуы «Unicode» стандарттарына сәйкес келмейді екен. Қазір сол олқылықтарды реттеуге жұмыс істеп жатырмыз. Қоғамдағы айтылып жатқан барлық ұсыныстар мен ғалымдардың пікірлері ескеріледі, - деп уәде берді Дәуешов.
Естеріңізде болса, осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекітілген әліпбиде кемшіліктердің бар екенін айтқан болатын. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға "Тіл мамандары әліпбиді жетілдіруі қажет» деп тиісті тапсырма да берген еді.