Ауданы 150 шаршы метрді құрайтын өрт сөндірілді – Өскемен
Фото: gov.kz
Өскемен қаласындағы "Эдельвейс" саяжай қоғамының аумағындағы шаруашылық құрылысында жалын тұтанып, өртке қарсы аралықтың болмауына байланысты өрт бірден тұрғын үйге тараған.
Оқиға орнына 6 техника және 25 маманнан құралған өрт сөндіру бөлімшесі жеткен, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бөлімше қызметкерлері аумағы 150 шаршы метрді құраған өртті сөндіріп, жедел әрекет етіп, көрші үйлер мен құрылыстарға таралуына жол бермеді.
Құтқарушылар 2 газ баллонын шығарды. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Болжам бойынша, электр жабдығын орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын дұрыс орындамағандықтан жалын тұтанған.
Апаттың алдын алу үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін мұқият орындаған жөн. ШҚО ТЖД отты пайдаланарда сақ болып, электр желілерін пайдалану кезінде сақтық шараларын ұстану, электр құрылғыларын дайындаушы зауыттың нұсқаулығына сәйкес мақсатта ғана қолдану, электр желісін шамадан тыс жүктемеу, бір розеткаға бірнеше электр құрылғысын қоспау, ақауы бар розеткаларды және электр сымдарын пайдаланбау сынды қарапайым ережелерді еске салады.
Өрт шыққанда «101» немесе «112» нөмірлері бойынша хабарласу қажет.