Қалдық сұрыптап, аулаңды абаттандыруға мүмкіндік жеңіп ал – Өскемен
Фото: Шартты сурет
Өскемен қаласында қалдықтарды сұрыптауды насихаттау жылы аясында тағы бір челлендж бастау алды. «Экоүй» акциясы аясында тұрғындар қалдықтарды сұрыптап қана қоймай, өз үйінің ауласын көркейтуге үлес қоса алады.
Жарыс тек көпқабатты үйлердің тұрғындары арасында ұйымдастырылады, дейді Altaynews тілшісі.
МИБ, жай серіктестік басшылары немесе тұрғындардың бастамашыл топтары жарысқа қатысу үшін Тұрғын үй қатынастары бөліміне өтініш бере алады.
Қатысушылар қайта өңделетін материалды жинап, экопункттерге тапсырып, оны растайтын құжат пен ақша алады.
Тапсырған қалдықтар үшін берілген қаражатты тұрғын үйдің ортақ қажеттіліктеріне жұмсауға болса, ал түбіртектер ұтыс ойыны кезінде есепке алынады. Тіркеу 15 мамыр мен 15 шілде аралығында жүргізіледі. Аталған уақыт аралығында ең көп қалдық тапсырған үй жеңімпаз болады.
Жеңімпаздар қажеттіліктеріне қарай көшені жарықтандыру, балалар немесе спорт алаңын орнату, аулаішілік жолдарды жөндеу сынды абаттандыру жұмыстарының бірін таңдау мүмкіндігіне ие болады.