KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
494.95 525.49 5.05

Өскемендегі аула клубтарының барлығы жөндеуден өтеді

16.09.2019, 09:23 118

Қала күнін мерекелеудің аясында облыс орталығындағы бірнеше көпқабатты үйлердің аулалары толықтай қайтадан жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Өскемендіктердің бұл қуанышына облыс әкімі Даниал Ахметов ортақтасып, жаңа заманауи ойын алаңқайлары, спорт алаңдары, демалыс орындары орнатылған, аулаішілік жолдары кеңейтілген су жаңа аулаларды «сыйға» алған тұрғындарды қала күні мерекесімен құттықтады.

Бұл күні алғашқы болып Аблакетка ықшам ауданы аумағындағы Геологическая көшесі, 26 мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің жаңартылған ауласының және осы үйдің бірінші қабатында орналасқан «Эллада» балалар-жасөспірімдер клубының тұсаукесері жасалды. Жаңадан салынған ойын алаңқайы мен футбол алаңын ауладағы үйлердің бүлдіршіндері мен спортқа әуес балалары лық толтырса, жаңадан іске қосылған жасөспірімдер клубына мектеп оқушылары көп жиналыпты. Құрметті меймандар келгенде жаңа алаңда футболдан жарыс қызып жатты. Ал қыста хоккей қорабына айналады.

Естеріңізде болса, шілде айында аула тұрғындары облыс әкіміне өз аулаларын жөндеу керектігі жөнінде аймақ басшысына өтініш білдірген болатын. Қалалық білім бөлімі өкілдерінің айтуынша, айтуынша, енді міне екі айдың ішінде бұрынғы ескі клуб «Парыз» қорынан бөлінген төрт миллион теңге қаржыға жөнделіп, мүлде байқа кейіпке енген. Енді мұнда шағын ауданның жастары да жасамыс тұрғындары да ертеден кешкі тоғызға дейін қалаған спортымен тегін шұғылданып, бос уақыттарын мәнді өткізе алмақ.
– Біздің клуб 17 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сонымен бірге осы Промбаза ауданындағы тұрғындардың бас қосатын бірден-бір орны. Есігіміз кешкі тоғызға дейін ашық. Күндіз жастар мен балалар келіп, спортпен шұғылданып, сурет салып, ермексазбен, қағаздармен, 3D қарындашпен жұмыс істеп өздерін дамыту ойындарын жүргізсе, кешкісін үлкендер көңілі қалаған шахмат, дойбы, теннис ойнап, жаттығу залына бара алады. Мереке күндері көптеген әлеуметтік акцияларға, қалалық спартакиадаларға қатысамыз. Қайта жаңғыртудан өткен соң клубымызда роботты техника, интелектуалдық ойындар кабинеті, Wi-Fi аймағы, балалардың ойын бөлмесі және қыздарға арналған фитнес-зал ашылды. Бұл үшін облыс және қала басшылығына алғысымыз шексіз, – дейді клубтың жоғары санатты педагог ұйымдастырушысы Вера Семилапова.

Ал мұндағы спорттық үйірмелерге 60-қа жуық жасөспірім күн сайын тұрақты қатысып келеді.

– Мен бұл клубқа сегіз жылдан бері келіп жүрмін. Биыл жөндеуден соң мүлде басқаша өзгерді, тіпті танымай қалдық. Көп жаңа бөлмелер ашылыпты. Енді фитнеске баруға, спортпен шұғылдануға болады, – дейді шағын ауданның жас тұрғыны Палина Мочнева.

– Әкім аға, мұнда бір ғана аула жөнделді, бірден үш ауланы да жөндеу керек еді, –дейді жұртты ду күлдірген шағын ауданның кішкентай тұрғыны, болашақ футболшы, жеті жасар Мансұр Мұтабаев облыс әкіміне. Мансұрдың тілегін орындауға да бірден шешім қабылданды.

Өскемен қалалық оқу бөлімінің басшысы Жанат Айтпаеваның айтуынша, оқу жылының соңына дейін қаладағы барлық осындай клубтар жөндеуден өтпек.

Келесі ретте аймақ әкімі Виноградов көшесіндегі №№ 19, 21, 23, 25, 27, 29 мекенжайындағы көпқабатты үйлер орналасқан аулалардың ашылу салтанатына қатысты. Бұл аулада көзі тірісінде ұзақ жылдар есімі Қазақстанды қойып, Кеңес Одағына танылған ұстаз, қазақтың хан апасы, Қанипа Бітібаева тұрған болатын. Бұл аулада аула ішілік жолдар кеңейтіліп, автотұрақтар, тұрғындар демалатын орындар қарастырылған, спорт алаңы, балалар алаңқайы салынып, жарықтандыру бағандары, жиектастар ауыстырылған. Мұндағы алты үйдегі 575 пәтерде барлығы 1486 адам тұрады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу