KZ
Өскемен
+7°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
479.23 534.96 5.16

Өскемендегі Сәбилер үйінің басшысы жұмыстан босатылды ма?

Фото: Шартты сурет

17.05.2023, 15:09 485

Өткенде Өскемендегі мамандандырылған сәбилер үйіндегі құбырды жөндеуге еріктілер халықтан ақша жинағаны туралы жазған едік. Мекеме директорының айтуынша, жертөледегі су құбырының тозғаны сонша, қыста жарылып кету қаупі бар. Осы жағдайды байқаған еріктілер әлеуметтік желідегі «Добрый Усть-Каменогорск» парақшасында қор ашыпты. 
Кейіннен қор жабылып, мекеме директоры демеуші табылғанын хабарлады. Ал әлеуметтік желіде қор аштырғаны үшін Сәбилер үйінің басшысын жұмыстан шығарғалы жатқаны туралы ақпарат жарияланды. Altaynews.kz редакциясы осы мәселе бойынша ШҚО денсаулық сақтау басқармасына сұрау хат жолдап, жағдайдың жай-жапсарын анықтауға тырысты. 
Басқарманың берген жауабына сүйенсек, Сәбилер үйін қаржыландыру «төсек-күндік» санына байланысты облыстық бюджеттен қарастырылған. Биыл аталған мекеме қажеттіліктеріне 443,3 млн теңге бөлініпті. Алайда жоспарға енген жұмыстар қатарында құбыр жөндеу аталмады. Мұны Сәбилер үйі директорының өткен материалда ұсынылған түсініктемесі де растайды. 

– Қор жабылды. Басқарма мәселені шешті. Жұмысты тегін істеп бергісі келетін демеушілер табылды. Әр жылға белгіленген даму жоспары болады. Сол бойынша биыл шатыр жөнделуі керек. Тек өзіміз қыста құбырлар жарылып кете ме деп қорқып, халықтың назарына шығардық. «Добрый Усть-Каменогорск» өз аттарынан жеке жариялады, бізге қатысы жоқ. Оларға да демеушілер шыққандықтан, қор жабылды. Олар ерікті болып келгенде мәселені көрген, – дейді Сәбилер үйінің директоры Салтанат Фатихова.

Басқарма жертөледегі құбырды жөндеу мәселесі қандай себеппен осы уақытқа дейін қарастырылмағаны және биылғы жылғы даму жоспарына қосылмау себебі турасындағы сұрағымызға нақты жауап көрсетпеген. Сонымен қатар жауапта жөндеу мәселесін шешу үшін техникалық байқаудың қорытындысы қажет екені жазылған, бірақ оның қашаннан бастап жүргізіле бастағаны белгісіз. 

  "Жертөлені жөндеуге қаражат бөлу мәселесін шешу үшін техникалық байқаудың қорытындысын алу қажет. Бірыңғай бюджеттік сыныптамада тиісті бюджеттік бағдарламаның болмауына байланысты жертөлелерді техникалық байқаудан өткізуге облыстық бюджеттен мақсатты қаражат бөлу мүмкін емес. Техникалық байқауды ұйым ШҚО денсаулық сақтау басқармасынан ай сайын алатын ағымдағы қаржыландыру есебінен жүргізетін болады. Қазіргі уақытта заңнамаға сәйкес техникалық байқаудың қорытындысын алу жұмыстары жүргізілуде. Қорытындыны алғаннан кейін және жұмыс түрлерін (ағымдағы жөндеу немесе күрделі жөндеу) анықтағаннан кейін Шығыс Қазақстан облысының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қаражат бөлуге өтінімдер беріледі", делінген басқарманың ресми жауабында. 

Сонымен қатар басқарма мекемеге демеушілер тарту бойынша жұмыстардың тұрақты түрде жүргізілетінін айтып отыр. 
Мәселені әлеуметтік желіде алғаш көтерген Елена Чембарисова осы жағдайдан кейін Сәбилер үйінің басшысын жұмыстан босатқалы жатқанын жазған еді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, мекеме директоры жұмысын жалғастырып жатыр. Мекеме директорының қызметіне қатысты өзге ақпарат ұсынылмады. 
Қор жабылғанға дейін демеушілерден 165 мың теңге көлемінде қаражат жиналғаны да жазылған. Басқарма бұл ақпаратты әлеуметтік желідегі хабарға сүйене отырып ұсыныпты. Қаражат Сәбилер үйін балалар киімі және жаялықтармен қамтамасыз етуге жұмсалған көрінеді. 
Ал биыл бөлінген 443,3 млн теңге қаражаттың 78,2 млн теңгесі шатыр жөндеуге жұмсалмақ. Бірінші кезекте атқарылу керек шаралар қатарына қосылған жұмысқа қажетті қаражат көлемі 2021 жылғы 20 желтоқсандағы мемлекеттік сараптама бойынша анықталған. Қаржы биыл облыстық бюджеттен бөлініп, конкурс өткізілген екен. Ал жөндеу жұмыстары мамыр айының соңына жоспарланып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив