150-ден астам бала жас құтқарушылар сайысына қатысты — Өскемен
Фото: gov.kz
Жаз кезінде балалар демалысы оқыс оқиғасыз өтуі үшін ШҚО құтқарушылары жасөспірімдерге төтенше жағдайлардағы мінез-құлық дағдыларын және жазатайым жағдайлардан аулақ болу жолдарын үйретеді.
Өскеменде ШҚО ТЖД Өскемен қаласы ТЖ басқармасының қызметкерлері "Жас құтқарушылар" қалалық сайысын өткізді. Мектеп жасақтарының арасында ұйымдастырылған сайысқа 150-ден астам бала қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қатысушылар өртті тез сөндіру, кедергілер жолағынан өту, зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсету, қолөнер туындысын ұсыну және команданы жарқын, ерекше түрде таныстыру сынды кезеңдерді еңсерді.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте 1-орынды №20 мектептің құрама командасы, 2-орынды №30 орта мектептің командасы, 3-орынды №24 мектептің командасы иеленді. Жеңімпаздарға мақтау қағаздары және кубоктар табысталды.
— Құтқарушылардың балаларды оқытуға арналған мұндай тәсілдері әрқашан нәтижесін көрсетеді. Біз көптеген жылдар бойы балалардың қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын арттыратын іс-шараларды ұйымдастырып келеміз. Өткізілген жарыстар мықты болуға, командалық рухты шыңдауға, қиындықтарды жеңе білуге көмектеседі, — деп атап өтті ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Орынбеков.