Өскеменде әр жұма сайын ашық аспан астында концерт өтеді
26 қыркүйек күні "Ертіс концерт" КМҚК барлық шығармашылық ұжымдары мен солистерінің концерттік маусымы ашылады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде ШҚО мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Самат Қасенов пен "Ертіс концерт" директоры Данияр Мерғалиев айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қазіргі күні «Ертіс концерт» мекемесінде 8 шығармашылық ұжым қызмет етеді.
Мекеме басшысының айтуынша, жаңа маусымда шығармашылық ұжымдар халыққа түрлі туындылар, хореографиялық қойылымдар мен концерттік бағдарламалар ұсынады.
Тағы бір жаңалық – «Әуенді жұма» атты жаңа жоба. Алғашқы болып 25 тамыз күні "Big Band" джаз оркестрінің қатысуымен "Самал" саябағында ашық аспан астындағы концерт ұйымдастырылған болатын. Енді тұрғындар мен қала қонақтарына арналған кешкі концерттер әр жұма сайын 1 қыркүйектен 29 желтоқсанға дейін өтеді.
Сонымен қатар өңірдегі ауылдардың, аудандар мен қалалардың шығармашылық, көркемөнерпаздар ұжымдарының қатысуымен "Туған жер – алтын бесігім" жобасы өтеді.