KZ
Өскемен
-12°
пасмурно жел 1 м/с, С
507.05 594.82 6.51

Өскеменде бүлдіршіндер бөбекжайсыз қалуы мүмкін

2.11.2023, 10:58 487 Ләззат Қанатқызы

Өскеменде ата-аналар жекеменшік балабақшаның жабылуына қарсы шықты. 
“Темірлан” балабақшасының халық игілігіне берілгеніне де көп болмаған. Алайда маңайындағы көршілердің қарсылығынан мектепке дейінгі мекеме жабылып қалуы мүмкін, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі. 
Қазір онда 180 бала тәрбиеленіп, 40-қа жуық маман жұмыспен қамтылып отыр. Ал енді халық үшін аса қажет мекеменің жабылуын қалап отырған осы маңдағы 6 үйдің тұрғыны екен. 
Балабақша директорының айтуынша, оның жабылуына жаңағы тұрғындардың шағымы әсер етіп отырған көрінеді. Олар көліктің көп жүретінін, балаларына қауіпті екенін және көшенің шаңы көтеріліп, үйлеріне кіретінін айтып, әкімдікке арызданған. 
Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің ашылғанына аз ғана уақыт болса да, ата-аналардың көңілінен толықтай шығып үлгерген. Сондықтан да бүгін балабақшаға жиналған ата-аналар оның жабылуына бірауыздан қарсылық білдірді. 

- Өзім жалғызбасты анамын. Балаларымды асырау үшін бірнеше жерде жұмыс істеп, таң бозынан кетуге мәжбүрмін.  Сондықтан баламды таңертең 7-де әкеп тастаймын. Мұндағы мамандар да, жалпы жағдайы да толықтай көңілімізден шығады. Баламыз, тіпті, балабақшадан қайтқысы келмейді. Егер бұл жер жабылса, қыс ішінде қайда апарамыз? - деп алаңдайды Құралай Айтахметова. 

Балабақша басшыларының сөзінше, қазір шаhарда бөбекжайға сұраныс көп болғандықтан қалалық әкімдік қолдау көрсетіп отырған көрінеді. Себебі күн сайын халық саны артып келе жатқан екі бірдей шағын ауданда дәл қазір бұдан басқа балабақша жоқ. 

- Келесі жылы қалалық ТҮКШ бөлімі балабақшаға апаратын жол салып береміз деген. Бірақ маңайдағы 6 көрші оған да көнбей отыр, - дейді балбақаша директоры Жарқын Мұсабекова.

Қазіргі таңда қала әкіміне меморандум жасау туралы хат жіберіліпті. 
Ал ата-аналар қыс түсерде, бүлдіршіндері бөбекжайсыз қала ма деп алаңдаулы. 

- Біз осы шағын ауданда тұрамыз. Бұл жердің жабылатынын естіп, маңайдағы балабақшаларды араладым. Бәрінде орын жоқ, портал да жабық. Біз жұмыстағы адамбыз, баламызды кімге қалдырамыз? - дейді Дина Болатқызы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу