KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 1 м/с, С
521.81 543.67 5.05

Өскемендегі түнгі рейд: полицияның құрығына кімдер ілінді?

12.02.2024, 16:23 194

Өскемен қалалық полиция басқарамасының өкілдері жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, заңды тұлғаның еріп жүруінсіз жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде, ойын-сауық орталықтарында болуын тексеру мақсатында рейд жүргізді.

Құқық қорғау қызметкерлері түнгі 23.00-ден кейін жасөспірімдер көп жиналуы ықтимал жерлерде, оның ішінде компьютер клубтары, ойын-сауық орындары мен мейрамханаларда тексеріс өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Кәмелетке толмағандардың көбі компьютерлік ойындарға әуес келеді. Сондықтан тәртіп сақшылары қаладағы компьютерлік клубқа барып, келушілердің құжаттарын тексерді. Сондай-ақ рейд кезінде шаһардағы ең ірі сауда-көңіл көтеру кешені – «ADK» сауда орталығында да кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта ата-аналарынсыз жүргендігі анықталды.

– Өскемен қалалық полиция басқармасы «Amanat» партиясының өкілдерімен және белсенді жастармен бірлесіп ойын-сауық орындары мен тәулік бойы жұмыс істейтін дүкендерде үнемі тексеру жүргізіп тұрады. Ондағы мақсат – жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және 18 жасқа толмағандардың түнгі сағат 22.00-ден таңғы 06.00-ге дейін жүруін болдырмау. Заң бұзушылықтар анықталса, яғни түнгі уақытта кәмелет жасына толмағандар көзге түскен жағдайда ювеналды полиция инспекторлары жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгіме өткізеді, қолданыстағы заңнамалардың талаптары түсіндіріледі, айыппұл салынуы да мүмкін, – дейді «Ертіс» полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Досым Бақытбекұлы.

Түнгі рейдте ішімдік пен темекі өнімдері саудаланатын дүкендер де полиция назарынан шет қалмады. Осы уақыт аралығында оннан астам ойын-сауық орталығы мен осынша дүкенге тексеріс жүргізілді. Заң бұзушылықтар анықталмады. Егер кәмелетке толмағандар түнгі сағат 22.00-ден кейін аталған орындарда көзге түссе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабы, 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жаза қарастырылған. Демек ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылады. Жасөспірім екі немесе одан көп тәртіп бұзса, материал ювеналды сотқа жіберіледі. Ал мұндай рейдтер полиция тарапынан күнделікті жүргізіліп тұрады.

 

Қуаныш Рахметоллаұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу