Өскемендіктер Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтті (Видео)
Бүгін Өскемендегі этноауылдың үйлері солжағалау кешеніне жиылған көпшілікке есігін айқара ашты. Мұнда сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, мерекелік сауда қызды, арнайы шақырылған аниматорлар кішкентай тұрғындарға өнер көрсетті. Үлкені де, кішісі де мәз-мейрам. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі Шығыстың бас шаһарында осылай тойланып жатыр.
Көктемнің аспаны күңгірт тартып, аздап жаңбыр себелеп тұрғанына қарамастан этносаябаққа келген елдің қарасы мол, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс орталығында тұратын түрлі этностың өкілдері тұрғындарға ұлттық тағамдарын ұсынып, өнерлерін паш етті. Кейбірі өздерінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын таныстыру мақсатында арнайы көрініс дайындаған.
Этноауылға келген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев қолөнер шеберлерінің бұйымдарын, көрмеге қойылған экспозицияларды көріп, өңірімізде тұрып жатқан түрлі этностың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар аймақ басшысы облыстың аудандары арасындағы байланысты нығайтып, достық қарым-қатынасты дамыта түсу қажеттігін тілге тиек етті.
Түрлі диаспора өкілдерімен сәлемдесіп, этноауылды аралау кезінде облыс әкімінің корей халқының этномәдени бірлестік мүшелерімен кәрісше сөйлесуі көпшіліктің таңданысын туғызды.
Бүгінгі мерекелік шараға тәжік ұлтының өкілдері арнайы өтінішпен келіпті. Айтулы күнге ерекше дайындалған олар этноауылдан өз қоныстарын тұрғызуға ниеттеніп, жер бөлуді сұрады.
Аймақ басшысы достықты насихаттайтын мұндай өтініштер қашан да қолдауға ие болатынын жеткізіп, жауапты мамандарға тапсырма берді. Демек алдағы уақытта этноауылда тағы бір ұлттың тұрғын үйі бой көтереді.



