Өскемен тұрғындары Бірлік күнін саябақта атап өтті
Өскемен қаласының тұрғындары 1 мамыр – Қазақстан халқының бірілігі күні мерекесін ерекше көңіл-күймен атап өтті.
Айтулы мерекеге орай еліміздің әр өңірінде түрлі іс-шаралар легі ұйымдастырылған болатын. Облыс орталығында да бірқатар мерекелік концерттер ұйымдастырылды, саябақтар ашылып, субұрқақтар іске қосылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Суық ауа райына қарамастан демалыс орындарына жиналған жұрттың қарасы қалың, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жиналған. Сол жағалау саябағында, «Жастар» мен Жамбыл Жабаев атындағы саябақта және Достық үйінде мерекелік концерт өтіп, түрлі мультфильм кейіпкерлері кішкентай тұрғындардың көңілін көтерді.
Сондай-ақ Сол жағалау саябағында спорттық жарыстар және халық қолөнершілері бұйымдарының көрмесі де ұйымдастырылған.
Қаланың шығармашылық ұжымдары мен жергілікті әншілер тұрғындарға өнерін паш етті.
Айта кету керек, былтыр жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталған «Металлург» саябағы мен аттракциондардың барлығы есігін айқара ашты.