Ұстаздарға арналған тағы бір жаңа байқау
Фото: Шартты сурет
Қазақстанда ұстаздарға арналған жаңа байқау ұйымдастырылады. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарда қызмет ететін мұғалімдер арасында жарияланған республикалық жарыс «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2023» деп аталады.
Ұстаздар авторлық жұмысын тиісті 12 бағыттың бірі бойынша және видео түрінде ұсынады. Бұл туралы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында айтылған, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Айтылған 12 бағыттың қатарына мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу педагогтары үшін ерте сауат, оқу сауаты, математика сауаты, жаратылыстану-ғылыми сауаты, цифрлық сауат, медиа-ақпараттық сауат, қаржы сауаты, экологиялық сауат, денсаулық сақтау сауаты, әлеуметтік-эмоционалды сауат, мәдениетаралық сауат, азаматтық-құқықтық сауат топтастырылған.
Ұстаздар конкурсқа жеке немесе ең көбі 3 адамнан құралатын авторлық топ болып қатыса алады.
Педагогтардан қабылданатын жұмыстар дәріс, сабақ, практикалық немесе зертханалық жұмыс, семинар, мастер-класс, сандық білім беру ресурсы және бейне подкаст форматының бірінде жазылады. Ұстаздар материалдарын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жібере алады. Бейнематериал мен таңдалатын бағыт саны шектеулі.
Материалдар өзектілік, дәлелділік, пәнаралық интеграция, әдістемелік құндылық, инновациялылық, сөйлеу мәдениеті мен шешендік шеберлік, аудио-, бейнеқатарды беру сапасы сынды 7 критерий бойынша бағаланады.
Өңірлік және республикалық кезеңнің қатысушылары түгел қатысу сертификатын алып, жеңімпаздар дипломмен марапатталады. 12 бағыттың әрқайсысы бойынша бір І орын, екі ІІ орын және үш ІІІ орын қарастырылған. Одан өзге, YouTube-та ең көп қаралым жинаған бейнематериал үшін әр бағыт бойынша мадақтау сертификаты табысталады.
Конкурстың барлық марапаттау құжаттары біліктілік санатын беру немесе растауда ескеріледі.
Өңірлік кезеңге қатысуға өтінім 10 қазанға дейін қабылданады. Толық ақпаратты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалдарынан білуге болады.