Ұшақта темекі шеккен Қытай азаматына айыппұл салынды
Фото: egemen.kz
Көкшетауда ұшақ бортында темекі шеккен Қытай азаматына 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Оқиға Алматы-Көкшетау бағытындағы әуе рейсінде болған, деп хабарлайды Altаynews Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Алматы – Көкшетау бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін Qazaq Air әуе компаниясының өкілдері акт бойынша құқық бұзған жолаушыны түсіріп, Көкшетау қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлеріне берді. Тексеру барысында көлік полицейлері әуе кемесінің бортында темекі шеккен ҚХР-дың 48 жастағы азаматын анықтады. Аталған факт бойынша шетел азаматы ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабының 1-2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 50 айлық есептік көрсеткіш (172 500 тг) мөлшерінде айыппұл салынды.
Естеріңізге сала кетейік, ұшақ бортында темекі шегуге тыйым салынады және бұл құқық бұзушылық үшін 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.