Машина жасауды дамыту жөніндегі жоспарды әзірлеу барысы қаралды
Фото: primeminister.kz
28 шілдеде Премьер-Министр Әлихан Смайылов Машина жасау саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеу мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай аталған құжат бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс саланың одан әрі дамуына үлкен серпін беруі тиіс, деп хабарлайды Altaynews primeminister.kz ресурсына сілтеме жасап.
Құжатты дайындау кезінде бизнестің, атап айтқанда, Қазақстан машина жасаушылар одағының ұсыныстары ескерілді.
Кешенді жоспар отандық өндірушілерді қолдауға және машина жасау саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған 83 іс-шараны қамтиды. Онда жалпы жүйелік, секторлар бойынша нақты шаралар (тау-кен металлургиясы, теміржол, мұнай-газ, энергетика, электр техникасы, ауыл шаруашылығы машинасын жасау, автомобиль жасау, әуе кемелерін жасау) айқындалған.
Жоспардың негізгі мақсаты – машина жасау саласындағы жалпы қосылған құнның 4,5 есе, өндіріс көлемінің 2,2 есе, экспорттың 2,9 есе, еңбек өнімділігінің 1,9 есе, инвестициялардың 1,5 есе өсуін қамту.
Құжатты талқылау қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп Кешенді жоспарды келісуді және оны бекіту туралы Үкімет қаулысының жобасын енгізуді жеделдетуді тапсырды.