2025 жылға қарай елдің барлық тұрғыны ауыз сумен қамтылады – Тамара Дүйсенова
Фото: egemen.kz
Екі жылдан кейін ел халқын сумен түгел қамту жоспарланып отырған көрінеді.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова осындай мәлімдеме айтқан, деп хабарлайды Altaynews Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
– Халықты таза ауыз сумен қамту, инфрақұрылым салу және жаңғырту арқылы елді мекендерді сапалы сумен қамту үшін тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Алдағы екі жылда 158 ауылды сумен жабдықтайтын 34 жобаны іске асыру үшін 23,3 млрд теңге бөлінді. Жалпы, 2025 жылға қарай еліміздің барлық тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сонымен қатар суару саласында суды үнемдеуге бағытталған кешенді шаралар қолға алынбақ. Атап айтқанда, 3,5 мың шақырымдық суару желісін жаңғырту, 212 каналда суды есепке алу мәселесін цифрландыру және 15 гидротехникалық құрылысты жаңғырту көзделіп отыр, - деді Тамара Дүйсенова.
Оның мәліметіне сәйкес, 2025 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және БҚО-ны сумен қамту үшін жалпы аумағы 1,7 текше метр болатын қосымша 9 жаңа су қоймасын салу жоспарланған.
– Екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, ШҚО және Қарағанды облыстарында 11 су қоймасын салу көзделген, - дейді ол.
Оқи отырыңыз