Дәрі және медициналық заттардың бағасын өсіргендерге 1,9 млн теңгеден астам айыппұл салынған
Фото: egemen.kz
Қазақстанда дәрілік заттардың 6,8 мың сауда атауына шекті баға бекітілді.
Дәрілік және медициналық заттардың бағасын бақылаудың нәтижесінде 2022-2023 жылдары 1,9 млн теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды Altaynews Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
— Көтерме және бөлшек сауда желісіндегі бағаларды мемлекеттік реттеу «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 245-бабының 1-тармағына сәйкес тізбеге енгізілген дәрілік заттарға қатысты жүзеге асады. Құнын реттеуге жататын дәрілік заттардың шекті бағалары мен тізбесі препараттардың шекті бағаларын және үстеме бағаларын қадағалау, қалыптастыру қағидаларына сәйкес жылына екі рет бекітіледі. Уәкілетті орган дәрілік заттың сауда атауына шекті бағаларды бекітеді, алайда бәсекелес ортаға байланысты оның құны шекті бағадан төмен сатылуы мүмкін. Қазір Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 тамыздағы № 465 бұйрығымен дәрілік заттардың 6890 сауда атауына шекті баға бекітілді, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 426-бабына сәйкес, препаратты бекітілген шекті бағадан жоғары сатқаны үшін жауапкершілік қарастырылған.
— Дәрілік заттар мен медициналық заттардың бағасын бақылау аясында 2022-2023 жылдары 1,9 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Бұл тұрғыда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың шекті бағасының асып түсуінің 15 фактісі анықталды. 2022 жылы 7 факті бойынша 1 млн теңгеге, ал 2023 жылдың 9 айында 8 факті анықталып, 0,9 млн теңгеге айыппұл салынды. Қазіргі кезде дәрі-дәрмек бағасына қатысты шағымдар болған жоқ, - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Оқи отырыңыз