«Таза Қазақстан» республикалық акциясы жалғасып жатыр
Елімізде тарихи-мәдени нысандарды тазалауға және абаттандыруға бағытталған «Киелі мекен» апталығы аяқталды. Жеті күн ішінде 717 тарихи-мәдени ескерткішке тазалық жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Атап айтсақ, апталық аясында Шығыс Қазақстанда БАҚ өкілдері, еріктілер мен Ұлан ауданының тұрғындары қола дәуіріне жататын бірегей «Ақбауыр» кешенінің аумағын тазартты. Өскеменде Қабанбай батыр ескерткішінің маңы тазаланып, елімізді мекен еткен түрлі этностардың үй-жайлары орналасқан этноауылда сенбілік өткізілді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, Жамбыл облысының тарихи-мәдени нысандарын тазалау кезінде еріктілер қола дәуірінің петроглифтерін тапты. Сондай-ақ Астана қаласында жас жұбайлар алаңы ашылды. Ал Алматы облысында Орталық саябақта бір рет қолданылатын ыдыстардан фотоаймақ, пластикалық қалдықтарды жинау және кәдеге жарату үшін балық инсталляциясы құрылды.
Сонымен қатар «Отырар» мұражайы, «Бұланты шайқасы» тарихи орны, «Тамғалы тас» археологиялық кешені және т.б. нысандарға тазалық жүргізілді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында 8-20 сәуір аралығында өңірлерде 770 мың адамды қамтитын 3,7 мыңнан астам іс-шара өтті.
22-27 сәуір аралығында аумақтарды көгалдандыруға, гүлдер, көшеттер отырғызуға, ағаштарды әктеуге бағытталған «Жасыл аймақ» апталығы өтеді.
Суреттер: Altainews.kz