Сапасыз жолдар мен жемқорлық: 20 мыңнан астам шағым түсті
Қазақстанда жол сапасына қатысты 20 мыңнан астам шағым түсіп, бұл мәселе жемқорлыққа байланысты талқыланды. Жақында өткен ведомствоаралық кеңесте Cыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы Асхат Жұмағалидің басшылығымен жол саласындағы жемқорлық тәуекелдері мен оның салдарын жою бойынша ұсыныстар талқыланды. Кеңеске Көлік министрі Марат Қарабаев және әртүрлі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Kazinform.kz порталына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Агенттік пен Көлік министрлігі соңғы бес жылда жол саласына бөлінген 6 трлн теңгеден астам қаражатқа сыртқы талдау жүргізді. Нәтижесінде, жолдардың сапасына қатысты көптеген шағымдар анықталды. Бұл шағымдардың көбісі жемқорлық тәуекелдерімен байланысты болып шықты. Агенттік жыл басынан бері жол саласында 24 қылмыстық іс тіркеді.
Талдау қорытындысы бойынша, жол құрылысын жоспарлаудан бастап бақылауға дейінгі барлық кезеңдерде жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігі анықталды. Келесі негізгі проблемаларға назар аударылды:
- Проблемалық учаскелерді дұрыс анықтамау және жақында салынған жолдарға жөндеу жұмыстарының жүргізілуі.
- Жобалау кезінде сметаларды шамадан тыс көтеру және мердігерлердің тәжірибесі мен ресурстарының жетіспеушілігі.
- Қосалқы мердігерлік ұйымдарға бақылаудың болмауы және техникалық қадағалаудың тиімсіздігі.
- Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы анықтаған ақаулардың жойылуына назардың жетіспеуі және саладағы ғылыми әлеуеттің толық қолданылмауы.
Цифрландырудың жетіспеушілігі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Соңғы 10 жылда ақпараттық жүйелерді дамытуға 16 млрд теңге бөлінгенімен, жолдардың цифрлық картасы әлі күнге дейін дайын емес.
Агенттік осы саланы жақсарту үшін 90-нан астам ұсыныс жасады, оның ішінде:
- Жобалар сараптамасы мен техникалық қадағалау функцияларын қайта қарау.
- ҚазжолҒЗИ-ді инновациялық технологияларды енгізуге қайта бағыттау.
- Жол активтері сапасы ұлттық орталығының өкілеттігін кеңейту.
- Жолдардың цифрлық картасын жасау.
Жол сапасын арттыру, жемқорлық тәуекелдерін жою және қабылданған ұсыныстарды жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда.