Ақылы жолдардан түсетін кірістер 2026 жылы 100 млрд теңгеге жетуі мүмкін - Көлік министрлігі
pixabay.com
Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев ақылы жолдардан түсетін табыстың айтарлықтай өскені туралы баяндады. 2024 жылы түсім сомасы 48 млрд теңгеге жетті. Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскені іске қосу жоспарлануда, бұл кірісті 60 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Келесі жылы бұл көрсеткіш 100 млрд теңгеге дейін өсуі мүмкін, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Бюджетке түсетін жүктемені азайту әрі өзін-өзі ақтау мақсатында реконструкциялау және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде «ақылы жол» мәртебесін кезең-кезеңімен енгізу жалғасуда. Қазіргі уақытта бүкіл еліміз бойынша ұзындығы 3,2 мың шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істейді.
Сонымен қатар министр жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының дамуын атап өтті. Бүгінде елімізде 1 446 жол бойы сервистік объектілері жұмыс істейді, оның 90%-ы ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. 2025 жылы бұл көрсеткішті 100%-ға дейін жеткізу, сондай-ақ 400-ден астам заманауи қызмет көрсету нысандарын салу үшін ірі инвесторларды тарту жоспарлануда.