KZ
Өскемен
-31°
плотный туман жел 1 м/с, С
511.18 530.6 5.28

Ұлттық тасымалдаушы пойыздарына 1350 бейнебақылау камерасы орнатылды

«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі
Бүгін, 18:00 40 Төлеуғазы Жансая

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушылар қауіпсіздігін арттыру мақсатында 24 Тальго пойызының құрамына бейнебақылау жүйесін орнатуды толықтай аяқтады. Вагондарда орнатылған 1350 камера пойыз ішіндегі жағдайды тәулік бойы үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бейнебақылау жүйесі пойыздың ең маңызды аймақтарын қамтиды, оның ішінде жолаушылар вагондары, кіреберістер мен шығаберістер, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын аумақтар бар. Бұл шаралар оқыс оқиғалар мен құқықбұзушылықтардың алдын алуға, билетсіз жолаушыларды анықтауға және кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет етуге көмектеседі.

Бейнебақылау жүйесінен алынған ақпарат тек Ұлттық тасымалдаушының ситуациялық орталығындағы уәкілетті мамандарға ғана қолжетімді. Жоба іске қосылғаннан бері барлық жылжымалы құрам тұрақты бақылауда, ал бейнематериалдар жолаушылардың шағымдарын әділ әрі жан-жақты қарастыру үшін қолданылады.

Қазіргі уақытта Ұлттық тасымалдаушы барлық стандартты вагондарды бейнебақылау жүйесімен жабдықтау бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, жолаушылар пойыздарында интернет желісін іске қосу арқылы нақты уақыт режимінде бейнебақылау жүргізу және бейнеаналитика жүйесін енгізу мәселелері қарастырылуда.

Жақында пилоттық жоба ретінде №3/4 «Астана – Алматы» пойызында интернет желісі іске қосылды. Бұл енгізулер пойыз ішінде болып жатқан оқиғаларды онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді.

Заманауи бейнеаналитика жүйесі пойыз ішіндегі жағдайды тұрақты бақылап қана қоймай, деректерді өңдеу үдерісін автоматтандыруға жол ашады. Сонымен қатар, жасанды интеллект технологиялары бейнеағынды талдап, ықтимал қауіптерді ерте анықтауға және оқыс оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу