Байланыс операторларына қатысты тергеу басталды

istockphoto.com
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұялы байланыс операторларын сөз байласты деп күдіктеніп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов Қазақстандағы ұялы байланыс нарығындағы жағдай туралы мәлімдеме жасады. Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап берген ол қазіргі уақытта елімізде үш ірі ұялы байланыс операторы – Kcell, Tele2 және Beeline жұмыс істеп жатқанын және олардың нарықтағы үлестері шамамен тең екенін атап өтті.
Қазіргі таңда аталған үш оператор нарықтың шамамен 30-40%-ын иеленіп отыр. 2024 жылы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде байланыс саласындағы монополистердің бірі сатылып, Tele2 шетелдік инвесторларға берілген. Бұл өзгеріс нарыққа жаңа ойыншының кіру мүмкіндігін ашып отыр.
БҚДА шенеунігі соңғы жылдары байланыс операторларының қызметіне қатысты көптеген шағымдар түскенін мәлімдеді. Агенттіктің талдауы бойынша, соңғы екі жылда ұялы байланыс операторларының тарифтері едәуір көтерілген. Осы тұрғыда БҚДА олардың әрекеттерінен сөз байласу белгілерін байқап, тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.
Агенттік қазіргі жағдайды мұқият талдап жатыр. Егер зерттеу нәтижесінде операторлардың бірінің монополиялық жоғары баға қою фактісі расталса, оған қатысты тиісті тергеу басталуы мүмкін.
БҚДА ұялы байланыс нарығындағы әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жалғастыратынын және тұтынушылардың мүддесін қорғауға басымдық беретінін мәлімдеді.