KZ
Өскемен
-13°
ясно Штиль
504.6 594.27 6.48

Астанада жұқпалы ет сатылып жатыр деген хабар шындыққа жанаспайды

pixabay.com

3.07.2025, 10:30 289 Төлеуғазы Жансая

Астанада сібір жарасы жұқтырған малдың еті сатылып жатыр деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатқан «Әлем» сауда орнына қауіпті ет жеткізілгені туралы жазбалар негізсіз. Комитет мамандары елордадағы ешбір сауда нүктесінен жұқпалы немесе рұқсатсыз ет өнімдері анықталмағанын мәлімдеді.

Бүгінгі күні барлық ет өнімдері арнайы ветеринариялық-санитарлық тексеруден өтеді. Сауда орындарына жеткізілген мал өнімдерінің қауіпсіздігі жіті бақылауда. Сондықтан тұрғындар алаңдамауына болады.

Бұған дейін Атбасар ауданында тіркелген жағдай бойынша залалсыздандыру жұмыстары толық аяқталған. Ауру белгілері бар малдың еті санитарлық талаптарға сай жойылды. Ал тұрғындар профилактикалық медициналық тексеруден өтіп жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады. Ведомство тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.

Сондай-ақ, жалған ақпарат таратқандар Қазақстан заңына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу