Вейп сатқандарға 786 мың теңге айыппұл немесе 50 тәулікке қамақ жазасы қарастырылған
Фото: stock.adobe.com
Елімізде вейп өнімдерін әкелуге, өндіруге және сатуға толық тыйым салынды. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа талаптар 2024 жылғы 20 маусымда күшіне енген «Денсаулық сақтау мәселелері бойынша заңнамаларға енгізілген өзгерістерге» сәйкес жүзеге асуда. Өзгерістерге сәйкес, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 110-бабы жаңартылып, вейптер мен оларға арналған дәм берушілер мен сұйықтықтардың айналымына тікелей тыйым салынды.
Тыйым мыналарға қатысты:
- Түтінсіз темекі өнімдері;
- Электронды тұтыну жүйелері (вейп);
- Дәм беруші заттар мен сұйықтықтар;
- Қыздырылған темекі өнімдері мен кальяндық темекі;
- Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай емес құрамдар.
Заң бұзғандарға жаза күшейтілді
Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа 301-1-бапта тыйымды бұзғандар үшін қатаң шаралар қарастырылған:
✔ Вейп немесе соған ұқсас өнімдерді сату және тарату:
– 200 АЕК (786 400 теңге) айыппұл;
– немесе дәл сол көлемде түзету жұмыстары;
– немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
– немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу.
✔ Вейпті өндіру немесе Қазақстанға әкелуге әрекеттену:
– 2 000 АЕК (7 864 000 теңге) айыппұл;
– немесе мүлкі тәркіленіп, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы.
Егер бұл әрекеттер бірнеше адаммен немесе қайталап жасалса – жаза 5 жылға дейінгі мерзімге қамауға дейін күшейтіледі.
Жаңа талаптың жүзеге аса бастағанының нақты мысалы – 2025 жылдың 18 шілдесінде Ресейден Қазақстанға вейп тиеген жүк көліктерінің ел шекарасынан өткізілмегені. Бұл заңның ел көлемінде қатаң бақыланып жатқанын көрсетеді.
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлер мен азаматтарды жаңа заңнама талаптарын сақтауға және заңсыз өнім айналымына жол бермеуге шақырды.