KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, В
507.05 594.82 6.51

ШҚО-дағы волонтерлік қызмет: жыл қорытындысы

Фото: ШҚО ӨКҚ

17.04.2025, 16:30 407 Әбішев Ержан

Шығыс Қазақстан облысында волонтерлік қозғалыс жыл өткен сайын қарқын алып келеді. 2024 жылы өңірде жалпы саны 685 волонтерлік іс-шара өткізілді, оларға 5 200-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Қыс мезгілінде ауа райының күрт суытуына байланысты әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету мақсатында 50-ден астам қайырымдылық акциясы өтті. Экология саласындағы бастамалар да назардан тыс қалмады. «Таза Қазақстан» акциясы аясында волонтерлер Өскемен қаласындағы Қазақстан тауына 600 көшет отырғызды. Сонымен қатар Ұлан ауданына қарасты Асубұлақ орман шаруашылығында 22 мыңнан астам ағаш көшеті егілді. Жалпы алғанда, акция шеңберінде 280-нен астам шара ұйымдастырылып, нәтижесінде 19 тоннадан астам қоқыс жиналды, – деп мәлімдеді ШҚО Ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры, облыстық фронт-офис жетекшісі Айдос Әділбеков Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифинг барысында.

Сәуір айында Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға өңір еріктілері мен ұйымдары 20 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтті. Бұл – Шығыс жұртшылығының ұйымшылдығы мен қайырымдылыққа бейілдігінің айқын көрінісі.

2024 жылы облыс аумағында 2024-2026 жылдарға арналған Волонтерлікті дамыту және қолдау жөніндегі Жол картасы қабылданды. Құжат волонтерлік қызметті жүйелі дамытуға, оны қолдауға бағытталған нақты іс-шараларды қамтиды. Аталған бағдарлама аясында Глубокое және Зайсан аудандарында жалпы құны 3,5 миллион теңгеге жуық әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды.

Сонымен қатар, волонтерлікті кеңінен насихаттау бағытында да белсенді жұмыстар атқарылуда. Есепті кезеңде теледидар, баспасөз және әлеуметтік желілерде 750-ден астам ақпараттық материал жарияланды.

Бүгінгі таңда облыс көлемінде 37 үкіметтік емес ұйым мен 13 бастамашыл топтың құрамында 2 мыңнан астам волонтер белсенді жұмыс істеп келеді. Олардың белсенділігі, жауапкершілігі мен елге қызмет етуге деген ықыласы – аймақтың әлеуметтік тұрақтылығы мен адамгершілік құндылықтарының айнасы.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу