Елімізде ауыл шаруашылығы санағы басталды: қандай сұрақтар қойылады?
2025 жылдың 1-31 тамызы аралығында Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының алғашқы кезеңі өтеді. Бұл – елде соңғы жылдары алғаш рет ұйымдастырылып отырған ауқымды шара. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, науқан шамамен 300 мың ауыл шаруашылығы субъектісі мен 2 миллионға жуық үй шаруашылығын қамтиды. Санақтың мақсаты – аграрлық сектордың қазіргі жағдайына нақты баға беру және стратегиялық жоспарлау үшін заманауи әрі сенімді дерекқор қалыптастыру, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алғашқы кезең толығымен онлайн форматта өтеді. Қатысушылар sanaq.gov.kz сайтында арнайы формаларды толтыруы тиіс. Екі түрлі сауалнама нұсқасы дайындалған:
2-АШК/ШФК нысаны – ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге (заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары) арналған; 3-ЖҚШ нысаны – жеке қосалқы шаруашылық жүргізіп отырған үй шаруашылықтарына арналған.
2-АШК/ШФК нысанында 9 бөлімге топтастырылған 29 сұрақ бар. Мұнда: жер көлемі, жерді пайдалану түрі және суару әдістері; техникалар, қойма, құрал-жабдық пен инфрақұрылымның болуы; ірі қара, ұсақ мал, құс, балық саны және өндірілген өнім көлемі; тыңайтқыштар мен өсімдікті қорғау құралдарын қолдану, органикалық өндірістің болуы; жұмысшылар саны мен еңбек сипаты сұралады.
Егер шаруашылық бірнеше өңірде жұмыс істесе, әрбір өңір бойынша бөлек деректер көрсетілуі керек: егістік жерлер, мал жайылатын орындар, нақты координаттар.
3-ЖҚШ нысаны 8 бөлім мен 22 сұрақтан тұрады. Үй шаруашылықтары өздерінің жеке мақсаты үшін жүргізіп отырған ауыл шаруашылығы туралы ақпарат береді: қандай дақылдар егілгені және олардың көлемі; мал мен құстың саны, жайылымдарды пайдалану; шаруашылық құрылыстарының бар-жоғы; өнімнің сатылуы немесе тек өзін-өзі қамтамасыз ету үшін қолданылуы туралы мәліметтер көрсетіледі.
Санақ ұйымдастырушыларының айтуынша, барлық ақпарат ҚР «Мемлекеттік статистика туралы» Заңымен қорғалған және салық немесе өзге де бақылаушы органдарға берілмейді. Бұл науқан – бақылау құралы емес, керісінше агросаланы дамытуға қажетті қолдау шараларын тиімді жоспарлау үшін жүргізіліп отыр.
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы Қазақстандағы ауыл шаруашылығының шынайы ахуалын анықтауға мүмкіндік береді. Осы деректер негізінде: мемлекеттік субсидиялау бағдарламалары әзірленеді; инвестициялық жобалар қалыптастырылады; салалық даму стратегиялары түзіледі.
Қатысушылар үшін онлайн толтыру мүмкіндігі арқылы қолайлылық қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта екінші кезең – аймақтарға интервьюерлердің барып, сұхбат жүргізу кезеңі жоспарланып отыр.
Дамир Омаров