ШҚО-ның үш ауылында ауыл шаруашылығы санағы жүргізіледі
pexels.com
Үй шаруашылықтарына арнайы киінген, қолында планшеті бар мамандар келеді.
Пилоттық ауыл шаруашылығы санағы Қазақстанның 54 елді мекенін қамтиды, деп хабарлады Altainews.kz тілшісі ҚР Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйеніп.
Ағымдағы жылдың 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Қазақстанда пилоттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бұл кезең аясында еліміздің әр өңірінде екі ауылдан және бір қаладан – барлығы 54 елдімекен қамтылады. Шығыс Қазақстан облысында пилоттық ауыл шаруашылығы санағы Глубокое ауданының Прогресс ауылында, Ұлан ауданының Сағыр ауылында және Шемонаиха ауданының Шемонаиха қаласында өтеді.
Санақты Ұлттық статистика бюросының аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері жүргізеді. Оған заңды тұлғалар, олардың құрылымдық бөлімшелері, шаруа және фермер қожалықтарын қоса алғанда, дара кәсіпкерлер, сондай-ақ ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын үй шаруашылықтары қатысады.
Санақ сауалнамалары өз бетінше толтыру үшін 20 тамыздан 30 қыркүйекке дейін sanaq.gov.kz сайтында қолжетімді болады. Сондай-ақ үй шаруашылықтарына арнайы киінген (ақ қалпақ пен оның жеке басын куәландыратын бэйджы бар) және қолында планшеты бар интервьюерлер келеді. Респонденттерге ауыл шаруашылығында айналысатын экономикалық қызмет түрі, инженерлік-техникалық коммуникациялардың, дербес энергия көздерінің, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымының қолжетімділігі, еңбек ресурстарының, өндірістік жайлар мен имараттардың болуы, төрт түлік саны, жер учаскелері, органикалық өнім өндірісі туралы және т.б. сұрақтарға жауап беру қажет болады.
Пилоттық санақ барысында 29 мың үй шаруашылығы мен 8 мың кәсіпкерлік субъектісі қамтылады деп жоспарланған. Ауыл шаруашылығы санағы мәселелері бойынша кеңес алу үшін 1446 байланыс орталығына немесе телеграмдағы statgovkz_bot ботына хабарласуға болады.