Жаңа оқу жылы 2 қыркүйекте басталады: демалыс мерзімдері бекітілді
Фото: Жасанды интеллект
Қазақстанда 2025–2026 оқу жылына арналған мектеп оқушыларының оқу және демалыс мерзімдері бекітілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сілтеме жасап.
Жаңа оқу жылы 2025 жылғы 2 қыркүйекте басталып, 2026 жылғы 25 мамырда аяқталады. Ал дәстүрлі Білім күніне арналған салтанатты жиынның өткізілу уақыты мен форматы әр мектептің педагогикалық кеңесінің шешімімен анықталмақ.
Оқу жылы төрт тоқсанға бөлінген. Әр тоқсаннан кейін оқушылар демалысқа шығады:
- Күзгі каникул – 2025 жылғы 27 қазаннан 2 қарашаға дейін (7 күн);
- Қысқы каникул – 2025 жылғы 29 желтоқсаннан 2026 жылғы 7 қаңтарға дейін (10 күн);
- Бірінші сынып оқушыларына арналған қосымша демалыс – 2026 жылғы 9–15 ақпан аралығы (7 күн);
- Көктемгі каникул – 2026 жылғы 19–29 наурыз аралығы (11 күн).
Сәйкесінше, тоқсандар мынадай мерзімдерге жоспарланған:
1-тоқсан – 8 апта;
2-тоқсан – 8 апта;
3-тоқсан – 10 апта;
4-тоқсан – 8 апта.
Министрлік ата-аналар мен педагогтерге оқу жылы мен демалыс күндерін ескеріп, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды ұсынады.