Елімізде жаңа жұмыс орындарына арналған бірыңғай цифрлық платформа құрылады
Фото: primeminister.kz
Бүгін Үкімет отырысында Қазақстандағы жұмыспен қамту және бұл саланы цифрландыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Бияхметовтің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартысының қорытындысы бойынша елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6% деңгейінде сақталған.
Елдегі жұмыспен қамтылғандардың негізгі бөлігін 7,1 миллион адамды жалдамалы жұмысшылар құрайды. Ал ресми деректер бойынша, 2,1 миллион адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарында.
Вице-министрдің айтуынша, халық саны мен еңбекке қабілетті жастардың саны артып келеді. Болжам бойынша, 2035 жылға дейін жыл сайын еңбек нарығына 360 мыңға жуық жас қосылып отырады. Бұл өз кезегінде жұмысқа орналасу мәселесінде қосымша қиындықтар туғызуы мүмкін.
Оның айтуынша, биылдың өзінде 250 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Олардың ішінде 38%-ын немесе 95,4 мыңын жастар құрайды. Сонымен қатар 196 мыңнан астам адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылған. Ал субсидияланатын жұмыс орындарына 113 мыңнан астам адам тартылған.
Вице-министр өз сөзінде еңбек нарығындағы жаңа үрдістерді, негізгі кедергілерді, мемлекеттік органдардың алдында тұрған міндеттерді, сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолға алған жобалар мен бағдарламалар туралы баяндады.
Мәжіліс қорытындысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы қойған нақты міндеттерді еске салды:
Олжас Бектенов үш нақты тапсырма жүктеді.
Біріншіден, еңбек министрлігі мен аймақ әкімдіктері өңірлік жұмыспен қамту карталарында көрсетілген еңбек нарығы бойынша негізгі көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Әкімдер тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудара отырып, жұмыспен қамту жоспарын жеке бақылауына алуы қажет.
Екіншіден, ұлттық экономика министрлігіне тиісті салалық мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, 2025-2027 жылдары іске асырылатын барлық жобалар бойынша деректерді мемлекеттік жоспарлау жүйесіне 1 қыркүйекке дейін толық енгізу тапсырылды. Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап аудан және қала әкімдеріне халықты жұмыспен қамтуды кеңейту бойынша KPI енгізу жоспарланып отыр.
Үшіншіден, Цифрлық даму министрлігіне жылдың соңына дейін мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы деректерді біріктіріп, жаңа жұмыс орындарын құруға арналған бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу жүктелді.
Аталған тапсырмалардың орындалуын Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев үйлестіріп, бақылауда ұстайтын болады.
Андрей Дудник