KZ
Өскемен
-32°
плотный туман жел 1 м/с, В
510.43 594.86 6.49

Қазақстанда су үнемдеу технологиялары 580 мың гектарға енгізілді

depositphotos.com

13.08.2025, 15:00 244 Төлеуғазы Жансая

Қазақстанда мемлекеттік қолдаудың арқасында егіс алқаптарында су үнемдеу технологиялары жүйелі енгізілуде. Қазіргі таңда мұндай жүйелер 580 мың гектардан астам жерде қолданылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының жыл сайын 150 мың гектар жерге заманауи суару әдістерін енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүргізілуде. Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруаларды жаңа технологияларға көшуге ынталандыру үшін бірнеше тиімді тетік әзірледі.

Министрліктің мәліметінше, фермерлерге су үнемдеу жүйелерін сатып алу, орнату және ұңғыма бұрғылау шығындарының өтемақысы 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ суару суына сараланған субсидиялар енгізілген: егер су үнемдеу технологиясы қолданылса, субсидия мөлшері 60%-дан 85%-ға дейін өседі, ал қолданылмаса – тарифке қарай 30–55%-ға дейін төмендейді.

Бұдан бөлек, лазерлік тегістеуші сатып алуға берілетін субсидия алу үшін егіс көлемінің кемінде 200 гектар болуы тиіс деген талап алынып тасталды. Бұл технология суды біркелкі таратып, шығынды 30%-ға дейін азайтады. Әсіресе қуаңшылыққа бейім өңірлер үшін тиімді, ал күріш өсіретін алқаптарда бұл әдіс бұрыннан кеңінен қолданылып келеді.

2024 жылы елімізде су үнемдеу технологиялары 158 мың гектарға енгізілді, оның 130 мың гектары – оңтүстік өңірлердің үлесінде. Жалпы көлемі қазір 470 мың гектардан асып, биылдың басынан бері 580 мың гектарға жетті.

«Климаттың өзгеруі жағдайында су үнемдеу – елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты. Біз облыс әкімдіктерімен бірге 2030 жылға дейін егіс алқаптарына заманауи суару жүйелерін енгізу жоспарын бекіттік. Осы арқылы жылына 2,2 миллиард текше метр суды үнемдеуді көздеп отырмыз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу