KZ
Өскемен
+25°
небольшая облачность жел 2 м/с, ОБ
518.97 607.3 6.64

Елімізде жыл басынан бері 85 мың гектарға жуық алқапқа заманауи суару жүйелері орнатылды

Фото: pexels.com

20.06.2025, 14:00 122 Гульжан Мусина

Қазақстанда су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. 2025 жылдың басынан бері елімізде 85 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жеріне су үнемдеу технологиялары енгізілген. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Оңтүстік өңірлерде бұл жұмыс белсенді жүріп жатыр. Мысалы, жыл басынан бері Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарында 59 мың гектар жерге заманауи суару жүйелері орнатылған. Оның ішінде:

  • 29,4 мың гектар — тамшылатып суару,
  • 15,5 мың гектар — жаңбырлатып суару,
  • 14,1 мың гектар — лазерлік тегістеу технологиясы арқылы өңделген.

2024 жылдың қорытындысы бойынша, республика көлемінде 158 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілген. Оның 130 мың гектары оңтүстік өңірлердің үлесінде.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, мемлекет фермерлерге қолдау көрсетуді жалғастырып келеді.

- Былтыр фермерлерге арналған шығын өтемақысы 30%-ға көбейтілді. Сондай-ақ суармалы су үшін сараланған субсидиялар енгізілді. Енді су үнемдейтін технологияларды пайдаланатын шаруалар 60%-дан 85%-ға дейін мемлекеттік қолдауға ие болады. Бұл жүйелер суды 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді, – деді Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Берікбол Мәндібаев.

Айта кетейік, бүгінде елімізде жаңбырлатып және тамшылатып суару жабдықтарын шығаратын төрт отандық зауыт жұмыс істеп тұр. Олар Түркістан облысында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында орналасқан. Биыл Түркістан облысында тағы үш зауыт ашу жоспарланып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу