Өскемендегі спорттың өркендеу жолы: жаңа бұқаралық серпін
Фото AI көмегімен жасалған
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың салауатты өмір салтын ұстануы мен бұқаралық спортты дамытуды – ел болашағы үшін стратегиялық міндет деп атап өткен болатын. Әсіресе балаларды спортқа тарту мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі болып отыр. Бұл бастама бүгінде Өскемен қаласында да нақты жүзеге асуда.
Қала спортына жаңа тыныс
Өскемен – тек өндіріс пен мәдениет қана емес, спорттың да орталығы. Қалада бүгінде 161 мыңнан астам тұрғын спортпен жүйелі түрде айналысып келеді, бұл – жалпы халықтың 43,1 пайызы.
Өскеменде спорт инфрақұрылымы жыл сайын жаңарып келеді. Қалада 11 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, 3 мамандандырылған БЖСМ, 1 спорт интернаты, 3 жоғары спорт шеберлігі мектебі, 42 спорт федерациясы жұмыс істейді. Сонымен бірге, қала тұрғындарына қолжетімді 51 жабынды футбол және хоккей алаңы бар.
Соңғы жылдары қаланың әр ауданында жаңа спорт алаңдары салынып, тұрғындардың игілігіне берілді. Назарбаев даңғылы, Щербаков көшесі, Загородный кенті мен Комсомол аралында футбол алаңдары ашылса, Защита ауданындағы Тынышпаев көшесінде де жаңа спорт нысаны бой көтерді.
Қалада спорт алаңдарын салу үрдісі биыл да жалғасын тапты. Жоспарға сәйкес, жеті жаңа спорт нысаны орнатылып жатыр. Олардың ішінде Әл-Фараби, Қазыбек би, Әуезов көшелеріндегі футбол алаңдары, Назарбаев даңғылындағы хоккей қорабы, Красин көшесіндегі баскетбол мен футбол алаңдары бар.
Айта кетерлігі, Ертіс көпірінің астындағы бос кеңістік заманауи демалыс аймағына айналып, қазір жастардың сүйікті орнына айналды. Бұл жер қала тұрғындары үшін белсенді демалыс пен спорттық жаттығуларға арналған тартымды алаң болып отыр.
Бұқаралық жарыстарға қызығушылық артып келеді
Қалада жыл сайын жүздеген спорттық іс-шара өтеді. Тек 2024 жылы 124 спорттық жарыс, ал 2025 жылдың алғашқы жартысында 89 спорттық іс-шара ұйымдастырылды.
Ең ауқымды жарыстардың қатарында:
- Қасым Қайсеновті еске алуға арналған джиу-джитсу турнирі,
- Ж.Атаев жүлдесіне жасөспірімдер арасындағы дзюдо бәсекесі,
- «2025 шаңғы марафоны»,
- Мектеп лигасы (2300 оқушы, 13 спорт түрі бойынша жарыстар).
Сондай-ақ жеңіл атлетика, баскетбол, волейбол, гандбол, теннис, күрес түрлері, ауыр атлетика, тоғызқұмалақ, асық ату және Nomad MMA бағыттары да кеңінен насихатталуда.
Әлеуметтік әлсіз топтағы балалар үшін тегін үйрету жобалары іске асырылуда. Мәселен, 2025 жылдың ақпан айында «Нұртау» тау шаңғысы курортында 200 балаға тегін шаңғы спорты үйретілді.
Мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалған жоқ. «Special Olympics» қозғалысымен бірге боулинг пен жеңіл атлетикадан жарыстар ұйымдастырылды.
Ұлттық спорт түрлері мен жекпе-жек өнеріне де көңіл бөлінуде. Биыл жаңа жағалауда Naiza MMA чемпиондарының қатысуымен шеберлік сыныбы өтті. Ал қала тұрғындары асыға күткен «Ұлы Дала Батыры» жекпе-жек турнирі Өскеменнің 305 жылдығына орай өткізілді.
Сонымен бірге «Жазғы аулау-2025» балық аулау фестивалі мен қала әкімінің жүлдесіне арналған шағын футболдан ашық турнир де спорт сүйер қауымды бір арнаға тоғыстырды.
Елдік деңгейдегі серпін
Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс аясында бүгінде 240 мың балаға дейін 7 мыңға жуық секцияға тегін бару мүмкіндігі берілген. 2025 жылдан бастап алты қалада ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жүйесі іске қосылды.
Соңғы бес жылдың ішінде елімізде 371 спорт нысаны салынды. Биылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 32 жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 70 нысанның құрылысы аяқталуға тиіс. Оның ішінде Астанадағы Ұлттық спорт университеті, Түркістандағы есу каналы және Қызылордадағы көпбейінді стадион бар.
Қазіргі таңда Қазақстанда 28 футбол стадионы мен 7,4 мыңнан астам балалар ойын және спорт алаңы жұмыс істейді. Алдағы уақытта жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен жаңа стадиондар салынып, қосымша 667 балалар футбол алаңы ашылмақ.