Ел халқының 40 пайыздан астамы салауатты өмір салтын ұстанады

pixabay.com
Елімізде спортпен тұрақты түрде айналысатындардың қатары жыл санап артып келеді. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2021 жылдан бері спортқа бет бұрған азаматтардың саны 24 пайызға өсіп, биыл 8,4 миллион адамға жеткен. Бұл – халықтың 40 пайыздан астамы спортты өмір салтына айналдырғанын көрсетеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сала мамандары мұндай нәтижеге ең алдымен мемлекет тарапынан спортты дамытуға бағытталған жүйелі қолдаудың арқасында қол жетіп отырғанын айтады. Соңғы үш жылда спортқа бөлінетін инвестиция көлемі екі еседен астам ұлғайып, 2021 жылы 153 млрд теңге болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 315 млрд теңгеге жеткен.
Бұл қаржы еліміздің түкпір-түкпірінде спорт нысандарын салуға, барын жаңғыртуға, үйірмелер мен секцияларды қолдауға, бұқаралық спорттық шаралар ұйымдастыруға және бапкерлер мен мамандар даярлауға жұмсалуда.
Сарапшылардың айтуынша, спортпен шұғылданатындардың көбеюі – қоғамның салауатты өмірге бет бұрғанының белгісі. Бұл тек физикалық белсенділік емес, сонымен қатар – өмір сүру сапасының артуы, әлеуметтік және рухани серпіліс.
Қазақстанда бүгінде спорт саласында тең мүмкіндіктерге негізделген экожүйе қалыптасып келеді. Мұнда бұқаралық спортты да, кәсіби спортты да қатар дамытуға жағдай жасалған.