Еңбек дәстүрін жалғаған шығысқазақстандықтар республикалық байқауда топ жарды
depositphotos.com
«Еңбек жолы» республикалық байқауының облыстық кезеңінде «Үздік еңбек әулеттері» номинациясы бойынша 20 жеңімпаз анықталды. Олардың жалпы еңбек өтілі 3 934 жылды құрады. Әр өңірден шыққан әулеттер ондаған, тіпті жүздеген жыл бойы бір салада еңбек етіп, кәсібилік пен еңбек дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ең ұзақ еңбек өтілі Шығыс Қазақстан облысындағы Дёминдер әулетіне тиесілі болды. Әулеттің негізін қалаушы Михаил Дёмин 1908 жылы туған. Ол және оның балалары Риддердегі «Казцинк» металлургиялық кешенінде жұмыс істеп, осы өндірістен зейнетке шықты. Бүгінде әулеттің төртінші ұрпағы да сол кәсіпорында еңбек етіп жүр. Дёминдер әулетінің жалпы еңбек өтілі – 650 жыл.
Сонымен қатар, Қарағанды облысындағы Волокитиндер отбасы көмір өнеркәсібінде 350 жылдан астам тәжірибе жинақтаса, Түркістан облысынан Дербисовтер темір жол саласына 340 жылын арнады. Бірқатар өңірлерден қатысқан әулеттердің еңбек өтілі 200 жылдан асып жығылады. Мәселен, Маңғыстау облысындағы Көктеубаевтар, Абай облысынан Әділхановтар, Қостанайдағы Сазоновтар, Батыс Қазақстаннан Тасқалиевтер, Алматыдан Безруктер және Ұлытау облысынан Мұсабековтер осындай үздік қатарға енді.
100 жылдан асқан тәжірибесі бар әулеттердің қатарында Атырау облысындағы Шандиевтер, Астанадағы Бурлиновтер, Ақмоладан Левковскийлер, Ақтөбедегі Бикеевтер, Павлодардан Гилевтер және Жамбыл облысынан Ариповтар бар. Бұдан бөлек, Жетісу, Қызылорда, Алматы облыстарынан, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан мен Шымкенттен еңбек дәстүрін сақтап келе жатқан бірнеше әулет қатысты.
«Еңбек жолы» байқауы еңбек әулеттерінің көпжылдық дәстүрін дәріптеуді, жастар арасында жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруды және еңбексүйгіштікті насихаттауды мақсат етеді. Байқау жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейде үш номинация бойынша өтеді.
Биыл республикалық маңызы бар үш қала мен 17 облыстан 505 өтінім түскен. Соның ішінде 60 жеңімпаз іріктеліп, желтоқсан айында өтетін республикалық кезеңде бақ сынайды. Үздіктерді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы республикалық комиссия анықтайды.