Қазақстанда «Еңбек жолы» байқауының республикалық кезеңі басталды
gov.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек жолы» байқауының республикалық кезеңінің басталғанын хабарлады. Бұл кезеңде еліміздің үздік өндіріс қызметкерлері мен еңбек әулеттері анықталады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Байқаудың мақсаты – еңбек өнімділігін арттыруға ынталандыру, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттау және еңбек әулеттерінің көпжылдық дәстүрін сақтау.
Дәстүрлі түрде бұл конкурс екі кезеңнен тұрады: облыстық және республикалық. Үміткерлер үш номинация бойынша бағаланады:
«Үздік еңбек әулеті» – еңбек өтілі ұзақ әрі марапаты көп әулетке беріледі;
«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» – кемінде 20 жылдық еңбек өтілі бар, тәжірибесімен бөлісіп жүрген білікті тәлімгерге табысталады;
«Өндірістің үздік жас маманы» – жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын, белсенді және еңбекқор жас маманға беріледі.
Биыл облыстық кезең шілде айында өтті. Елдің 17 өңірі мен 3 ірі қаласынан барлығы 505 өтініш келіп түсті. Соның ішінен үш номинация бойынша өз аймағын республикалық деңгейде таныстыратын 60 үміткер іріктелді.
Жеңімпаздарды ЕХӘҚМ жанындағы республикалық комиссия анықтайды. Оның құрамында министрлік өкілдері, Парламент депутаттары, әлеуметтік серіктестер, «Қазақстанның ет-сүт одағы» және Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы бар.
Марапаттау рәсімі желтоқсан айында, Жұмысшы мамандықтары жылының жабылу шарасы аясында өтеді.