Елімізде үш ауысымды мектептердің саны төрт есе қысқарды
altainews.kz
Соңғы жылдары елімізде балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау бағытында үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2019 жылдан бері Қазақстанда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200-ден астам жаңа мектеп бой көтерді. Тек соңғы екі жылда ғана – 2023–2024 оқу жылдары – 510 мың орынға есептелген 422 мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл ауқымды жобалардың нәтижесінде еліміздегі үш ауысымды мектептердің саны төрт есе, апатты жағдайдағы мектептердің саны екі есе қысқарды. Сондай-ақ оқушы орындарының тапшылығы да төрт есе азайды.
Жаңа оқу жылының қарсаңында да оң өзгерістер жалғасты. Биыл өңірлерде 115 мың оқушыға арналған 83 жаңа мектеп ашылды. Оның ішінде 57 білім ордасы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Жаңа ғимараттардың пайдалануға берілуі Шымкент пен Алматыда, сондай-ақ Ақмола, Қарағанды және Қызылорда облыстарында үш ауысымды оқыту мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда елімізде 3000-ға жуық мектеп бір ауысыммен, ал 5000-нан астамы екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Жыл соңына дейін тағы 140 мың оқушыға арналған 111 мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде қосымша 150 мың орын тапшылығын жоюға жол ашады.
2025–2026 оқу жылына қарай 267 мың оқушыға арналған тағы 232 мектеп салу көзделіп отыр. Сонымен қатар 245 мектеп жаңғыртудан өтеді, 1000 ауыл мектебі модернизацияланады. 680 мектепте заманауи пәндік кабинеттер орнатылып, олардың саны 1100-ге жетпек.
Бұдан бөлек, республикалық деңгейдегі білім беру ұйымдарының да инфрақұрылымы жаңартылып келеді. Түркістандағы «Білім-инновация» лицейінде және Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде күрделі жөндеу аяқталды. Ал Алматы қаласында «Абай Ұлттық мектебінің» жаңа ғимаратын салу жұмыстары жалғасуда.
Осының бәрі – мемлекет тарапынан білім саласына жасалып жатқан үлкен қолдаудың айғағы. Жаңа мектептердің салынуы мен ескі білім ордаларының жаңғыртылуы еліміздің түкпір-түкпіріндегі балаларға заманауи әрі сапалы білім алуға жол ашып отыр.