KZ
Өскемен
+14°
переменная облачность жел 3 м/с, В
520.93 609.07 6.68

Жаңа оқу жылында елімізде 200-ден астам мектеп салынады

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

17.06.2025, 12:30 107 Гульжан Мусина

Жаңа оқу жылында елімізде 200-ден аса жаңа мектептің құрылысы басталады. Бұл – 300 мыңға жуық оқушыға арналған орын деген сөз. Басты мақсат – балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасап, мектеп тапшылығы мен үш ауысым мәселесін шешу, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Білім беру саласында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Соның ішінде 112 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып, 206 мың оқушыға арналған орынмен қамтамасыз етпек. Жаңа мектептердің шамамен жартысы ауылды жерлерде бой көтереді.

Жаңа оқу жылында 1000 ауыл мектебінде күрделі жөндеу жүргізіледі. Жаңа жиһаз қойылып, кітапханалар мен асханалар жаңартылады, қауіпсіздік жүйелері орнатылады. Мектептерге химия, физика, биология, робототехника және STEM пәндеріне арналған жаңа зертханалар мен кабинеттер сатып алынуда.

2029 жылға дейін тағы 1200-ден аса мектеп жаңартылмақ

Президент тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға дейін 1231 мектеп жаңғыртудан өтеді. Биылдың өзінде 248 мектепте күрделі жөндеу жасалып жатыр. Олардың шатыры мен терезесі ауыстырылып, сырты жөнделіп, инженерлік желілер жаңартылады. Мектеп ауласы да абаттандырылып, көгалдандырылады.

Айта кетейік, 2019 жылдан бері Қазақстанда 1200 жаңа мектеп ашылып, 1 миллионнан астам оқушыға орын қамтамасыз етілген. Осы шаралардың арқасында көптеген өңірлерде үш ауысымды оқыту азайып, қазіргі таңда 3000 мектеп бір ауысыммен жұмыс істеп жатыр.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу