KZ
Өскемен
-9°
пасмурно жел 5 м/с, В
513.55 602.09 6.42

Әр отбасыға қолдау: бала күтіміне берілетін жәрдемақы 6,5%-ға өсті

pixabay.com

17.09.2025, 16:00 160 Төлеуғазы Жансая

Жыл басынан бері ата-аналарды қолдауға бағытталған мемлекеттік төлемдер көлемі артып отыр. Ресми мәліметке сәйкес, бала тууына және бала күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақылар мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен төленетін әлеуметтік төлемдер жалпы сомасы 570,7 млрд теңгені құрады. Бұл көмекпен 443 мыңнан астам отбасы қамтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Әсіресе, бала күтіміне байланысты төлемдердің маңызы ерекше. Себебі нәрестенің алғашқы айларында ата-ананың табысы төмендеуі мүмкін, ал күнделікті қажеттіліктерге жұмсалатын шығындар арта түседі. Осыған байланысты мемлекет тарапынан жасалатын қолдау отбасылардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Жәрдемақы тек ресми жұмыс істейтін ата-аналарға ғана емес, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған азаматтарға да беріледі. Яғни, баланы туған, асырап алған немесе қамқорлығына алған әрбір азамат белгілі бір мөлшерде төлем алуға құқылы.

Биылғы жылы жәрдемақы мөлшерлері 6,5 пайызға индекстеліп, отбасыларға қосымша көмек көрсетілді. Орта есеппен 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне берілетін жәрдемақыны 124 мыңнан астам адам алып отыр. Бұл төлемдер ай сайын аударылып, ата-ананың азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек және басқа да қажеттіліктерге жұмсауына мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін ата-аналарға қосымша төлемдер қарастырылған. Жүктілік пен босану кезінде немесе бала асырап алғанда табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік төлемдер тағайындайды. Жыл басынан бері осындай төлемдерді 148 мыңнан астам азамат алды.

Мамандардың айтуынша, бұл қолдаулар ата-аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, бала күтіміне уақытылы көңіл бөлуіне де ықпал етеді. Жәрдемақылардың уақытылы төленуі әсіресе көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін үлкен көмек болып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу