Бала тууына және бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақы мөлшері қандай?
depositphotos.com
Қазақстанда бала туған отбасыларға мемлекет тарапынан ай сайын және бір реттік жәрдемақылар төленеді. Бұл көмек барлық азаматтарға – туған, асырап алған немесе қамқорлығына бала алғандарға, сондай-ақ қандастарға және елімізде тұрақты тұратын шетелдіктерге де беріледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылы қазақстандықтарға бала тууына және бала күтіміне байланысты 507 млрд теңгеге жуық жәрдемақы төленген. Биыл жәрдемақылардың көлемі 6,5%-ға өсіп отыр.
Бір реттік жәрдемақы – бала туған кезде:
- 1, 2, 3-балаға – 38,0 АЕК = 149 416 теңге;
- 4 және одан көп балаға – 63,0 АЕК = 247 716 теңге.
Мысалы, егер отбасы төртінші сәбиді дүниеге әкелсе, олар бір реттік 247 мың теңге көлемінде көмек алады.
Ай сайынғы жәрдемақы – бала 1,5 жасқа толғанға дейін:
- 1-балаға – 22 648 теңге;
- 2-балаға – 26 777 теңге;
- 3-балаға – 30 866 теңге;
- 4 және одан кейінгі балаларға – 34 995 теңге.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға мемлекет қосымша қолдау көрсетеді.
Жүктілікке және босануға байланысты еңбек демалысы кезінде орташа айлық табысына қарай төлем төленеді.
Сондай-ақ бала 1,5 жасқа толғанға дейін ата-ананың біріне ай сайынғы әлеуметтік төлем беріледі. Бұл төлем соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды.
Егер бірден екі немесе одан көп бала дүниеге келсе, төлем әр балаға жеке есептеледі. 2025 жылдың өзінде ғана республикалық бюджеттен бала тууға байланысты 36,4 млрд теңге бөлініп, 201 мыңнан астам отбасы жәрдемақымен қамтылған.