KZ
Өскемен
-4°
снег жел 8 м/с, З
512.81 604.19 6.57

Қазақстан Азия-Тынық мұхиты аймағы нарығына шығу үшін ICA-мен әріптестікті дамытуда

19.09.2025, 16:00 191 Төлеуғазы Жансая

ҚР Ұлттық экономика министрлігінде вице-министр Ерлан Сағнаев Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Халықаралық кооператив альянсының басшысы Баласубраманиан Айермен келіссөздер жүргізді. Оған мемлекеттік органдар, ұлттық институттар мен салалық бірлестіктердің өкілдері қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Экономика министрлігіне сілтеме жасап.

Ерлан Сағнаев кооперативтердің экономикадағы ерекше рөлін атап өтіп, олардың азаматтарды кәсіпкерлікке тартатынын, жұмыс орындарын ашатынын, шағын және орта бизнесті қолдайтынын және қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстырушы буын екенін айтты.

Келіссөздер барысында өнімді сертификаттау жүйесін дамыту мәселесі қозғалды. Қазақстанда халықаралық талаптарға сай аккредиттелген зертханалар жұмыс істейді. Оларды Азия-Тынық мұхиты елдерінің стандарттарына сәйкестендіру отандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады.

Тараптар кооперативтік жобалар арқылы халықаралық компаниялардың өндірісін Қазақстанда жергіліктендіру перспективаларын талқылады. Мұндай қадам озық технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік беріп, елді жаһандық қосылған құн тізбегіне интеграциялауға жағдай жасайды.

Вице-министр Қазақстан үшін көлік байланысының маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, «Достық – Мойынты» учаскесіндегі 800 шақырымнан астам теміржол құрылысының аяқталуы елдің логистикалық әлеуетін едәуір арттырып, тауарларды сыртқы нарықтарға тиімді жеткізуге жол ашты.

Сонымен қатар қаржыландырудың икемді тетіктері талқыланды. Қатысушылар төмен пайызбен немесе өнім түрінде қайтару арқылы кредиттік одақтарды дамыту қажеттігін атап өтті. Қазақстан бұл тәжірибені енгізу мүмкіндігін зерделеуге дайын.

Баласубраманиан Айер БҰҰ Бас Ассамблеясының 2025 жылды «Кооперативтер жақсы әлем құрады» ұранымен Халықаралық кооперативтер жылы деп жариялағанын еске салды. Оның айтуынша, бүгінде кооперативтерге әлем халқының шамамен 12 пайызы, яғни миллиардтан астам адам мүше. ICA басшысы ұйымның Орталық Азияда белсенді жұмыс істеуге, жаңа өткізу нарықтарын іздеуге және өнімді ілгерілетуге жәрдемдесуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанға ICA қатарына қосылуды ұсынды.

Келіссөздер қорытындысында тараптар бірлескен жұмыс тобын құруға, сараптамалық кездесулер ұйымдастыруға және өңірлік форумдар мен халықаралық көрмелерге қатысуға ниетті екендерін мәлімдеді.

Анықтама: Халықаралық кооператив альянсы (ICA) – әлемнің 110 елінен 310-нан астам мүше ұйымды біріктіретін жаһандық федерация. 1895 жылы құрылған ICA – БҰҰ-мен серіктестік орнатқан ең көне әрі ірі бірлестіктердің бірі.

Дамир Омаров

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу